«Күміс жас»: 10 мыңнан астам егде жастағы қазақстандық жұмысқа орналасты

«Күміс жас»: 10 мыңнан астам егде жастағы қазақстандық жұмысқа орналасты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда «Күміс жас» жобасы аясында биылғы тоғыз айда 50 жастан асқан 10,3 мың азамат жұмысқа орналасты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік мәліметінше, жоба арқылы жұмысқа орналасқандардың ең көбі Түркістан облысында – 1 678 адам. Одан кейін Қарағанды (1 093), Ақтөбе (807) және Жамбыл (705) облыстары тұр.

Жобаға қатысушылардың 54,7 пайызы немесе 5 658-і – әйелдер. Ал ауыл тұрғындарының үлесі 61 пайызды құрайды. Бұл – 6 324 адам.

Жұмысқа орналасқандардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы (41%), қызмет көрсету (23%) және білім беру (7%) салаларында еңбек етіп жүр.

Сұранысқа ие мамандықтар қатарында мал бағушы, санитар, кассир, сатушы, күзетші, аспаз, тігінші, әкімші, жүргізуші және бухгалтер бар.

Қатысушылардың білім деңгейіне келсек, 78 пайызының орта, 18 пайызының орта техникалық, ал 4 пайызының жоғары білімі бар.

Айта кетейік, 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Күміс жас» жобасы 50 жастан асқан азаматтардың еңбек нарығында жұмыс табуына және тұрақты жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуге бағытталған.

Еске сала кетейік, бұған дейін мүгедектігі бар 10,8 мың қазақстандықтың жұмысқа орналасқаны хабарланған еді.