Қазақстанда мемлекеттік шекарадағы санитариялық-карантиндік пункттерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету және қадағалау жүйесін цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар Пандемия қорының жобасы аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.
Комитет мәліметінше, еліміздің мемлекеттік шекарасында теміржол, әуе және су көлігі нысандарын бақылайтын 26 санитариялық-карантиндік пункт жұмыс істейді.
Бұл туралы Астанада өткен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға дайындық мәселелеріне арналған оқыту семинарында айтылды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы елдік офисі Комитеттің қолдауымен ұйымдастырған іс-шараға 40-қа жуық маман қатысты. Олардың қатарында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының өкілдері, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мамандары және шекарадағы өткізу пункттерінің қызметкерлері бар.

Семинар барысында қатысушылар санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ықтимал қатерлерді дер кезінде анықтау және төтенше жағдайларға жедел ден қою мәселелерін қарастырды.
«Ел аумағын санитариялық қорғау және өткізу пункттерінде санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудің басым бағыттары», – деді Комитет төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Айгүл Катренова.
Оқыту шекарадағы мамандардың кәсіби даярлығын арттыруға және қоғамдық денсаулыққа төнетін қауіптерге қарсы іс-қимылды күшейтуге бағытталған.

Бұдан бұрын азаматтарға вакцина алу мен скринингтен өту керектігі SMS-пен ескертілетіні хабарланған еді.