Полиция жыл басынан бері үш тоннаға жуық есірткі тәркіледі
Ішкі істер министрлігі биылғы үш айдағы есірткі қылмысына қатысты деректерді жариялады. Жұмыс «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүргізілген, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Үш айда 34 жасырын есірткі зертханасы жойылды: Оның 10-ында синтетикалық есірткі өндірілген, 24-і фитозертхана. Мысалы, Талдықорған қаласында шетел азаматтары бірден екі есірткі зертханасын ұйымдастырған. Жабдықтар, реагенттер және дайын есірткі өнімдері тәркіленді. Күдіктілер ісін DarkNet арқылы жүргізген», - деп мәлімдеді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Оның айтуынша, заңсыз айналымнан шамамен үш тонна есірткі, оның ішінде 840 келі синтетика есіртке тәркіленген.
«Бұл үш миллионнан астам бір реттік дозаға тең. Есірткі бизнесіне келтірілген шығын 29 миллиард теңгеден асады. Сонымен қатар, 11 тонна прекурсор айналымға жіберілмеді. Шамамен 6 мың қазақстандық және 108 мың шетелдік карта шоты бұғатталып, олар бойынша барлық транзакция түріне шектеу қойылды. 93 миллион теңге көлеміндегі қаражат тоқтатылды», - деді ол.
Бұған дейін Астанадағы фитнес-клубтардың бірінде есірткі таратушы жаттықтырушы ұсталғанын жазған едік.