Жаңартылған алғашқы 30 теміржол вокзалы 1 шілдеге дейін пайдалануға беріледі

Жаңартылған алғашқы 30 теміржол вокзалы 1 шілдеге дейін пайдалануға беріледі
Фото: Көлік министрлігі

Мемлекет басшысының вокзалдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстанда теміржол вокзалдарын жаңарту бағдарламасы кеңінен жүзеге асып жатыр. Үкімет отырысында еліміздің барлық өңірлеріндегі реконструкция жұмысының барысы туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев таныстырып өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жүргізіліп жатқан барлық жұмыста басты мақсат – азаматтарды қауіпсіз және жайлы темір жол көлігімен қамтамасыз ету. Бүгінде елімізде тәуелсіздік жылдарында алғаш рет теміржол вокзалдарын кең ауқымды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл ірі жобаға Қазақстанның барлық өңірінде 124 вокзал енгізілген. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар вокзал маңындағы алаңдарды абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Алғашқы 30 вокзал биылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға беріледі», - деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.

Бүгінгі таңда 36 нысанда құрылыс-монтаж жұмысы аяқталған.

Одан бөлек, министрдің ақпаратынша, Қазақстанда соңғы жылдары 650-ден астам жолаушылар вагоны жаңартылған. 2030 жылға қарай министрлік жолаушылар паркін жаңарту деңгейін 90%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Еске сала кетсек, көлік министрі елдегі жүк айналымының 57%-ы теміржол көлігіне тиесілі екенін мәлімдеді.