Петропавл қаласында полиция қызметкерлері мас күйде көлік жүргізген 21 жастағы жүргізушіні ұстады. Ол Астана қаласының тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz СҚО Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға қаланың Абай мен Тоқсан би көшелерінің қиылысында болған. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері көлік жүргізушісін тоқтатып, медициналық куәландыруға жеткізген. Сараптама оның алкогольдік мас күйде болғанын растады.
«Аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған», - деп хабарлады полицияда.
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері СҚО-да мас күйде көлік жүргізудің 985 дерегі анықталған. Ал қараша айының соңғы аптасында 13 жүргізуші жауапқа тартылған.
Полиция өкілдері мас күйде көлік жүргізу жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретінін еске салып, жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды.
Еске салсақ, Ақтау портында МАЗ жүк көлігі тепловозбен соқтығысты.