Жамбылда 5 млн теңге бопсалаған қоғамдық белсенді ұсталды
Жамбыл облысында полицейлер 5 миллион теңге бопсалаған қоғамдық белсендіні ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тараз қаласының тұрғыны полицияға өзін бопсалағаны туралы арызбен жүгінді.
«Өтініш иесінің айтуынша, қоғамдық белсенді оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді әлеуметтік желілерде таратамын деп қорқытып, жарияламау үшін 5 миллион теңге талап еткен», делінген хабарламада.
Осы дерек бойынша полиция қызметкерлері жедел түрде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Күдікті арызданушыға қысым көрсетуді тоқтату және бұған дейін әлеуметтік желіде жарияланған жағымсыз пікірлерді өшіру үшін ақша алу кезінде ұсталды.
Тәртіп сақшылары осындай деректер анықталған жағдайда дереу полицияға жүгінуге шақырады.