Референдум-2026

Ұлттық домбыра күні: Астанада қазақтың дәстүрлі музыкасының цифрлық дәуірдегі дамуы талқыланды

Ұлттық домбыра күні: Астанада қазақтың дәстүрлі музыкасының цифрлық дәуірдегі дамуы талқыланды
Фото: Астана әкімдігі

Ұлттық домбыра күніне орай Астанада «Домбыра және жаңа дәуір: ұлттық өнердің заманауи бағыты» тақырыбында Creative Talks ашық пікірталасы өтті. Іс-шара креативті индустрия өкілдерінің басын қосқан, тәжірибе алмасуға, жаңа жобаларды талқылауға және ұлттық мәдениетті дәріптеуге арналған Creative Aimaq жобасы аясында Kazakh Creative Hub алаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесуде креативті индустрия өкілдері, музыканттар мен ұлттық аспап жасаушы шеберлер қазақтың дәстүрлі музыкасын цифрлық дәуірде қалай дамытуға және оны жаңа аудиторияға қалай жеткізуге болатынын талқылады.

Іс-шараның басты оқиғаларының бірі – «Жүз күй» жобасының таныстырылымы болды. Жобаның мақсаты – қазақтың көрнекті композиторларының 100 шығармасын цифрландырып, оларды әлемдегі ең ірі музыкалық платформаларға қолжетімді ету.

Креативті индустрияларды дамыту қорының таланттар мен жобаларды дамыту жөніндегі басқарушы директоры Алмас Сағынұлының айтуынша, жобаның алғашқы кезеңінде Құрманғазының он күйі жазылған.

«Біз Құрманғазыны жеке орындаушы ретінде тіркеп, оның шығармаларының цифрлық каталогын жасадық. Енді кез келген адам Spotify, Apple Music, YouTube Music, Яндекс Музыка, VK Music, TikTok және басқа да платформалар арқылы күйлерді композитор қалай жазса, дәл сол нұсқада тыңдай алады», – деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде көпшілік Құрманғазының санаулы ғана күйлерін біледі. Ал шын мәнінде ұлы күйші шамамен 70 күй шығарған.

«Бахтың, Моцарттың және Бетховеннің шығармалары әлдеқашан цифрлық каталогтарға енгізілген. Ал біздің ұлы композиторларымыздың мұндай мүмкіндігі болмағаны әділетсіз деп санадық. «Жүз күй» жобасы осы мұраны сақтап, оны әр адамға қолжетімді етеді», – деді Алмас Сағынұлы.

Пікірталасқа кәсіби домбырашы әрі ұлттық аспап жасаушы шебер Ерасыл Ринатұлы да қатысты. Оның айтуынша, бүгінде домбыраға деген қызығушылық Қазақстаннан тыс жерлерде де артып келеді.

Ол жетекшілік ететін «Асыл домбыра» шеберханасына әлемнің түкпір-түкпірінен тапсырыс түседі. Тіпті Испания мен Италиядан Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері арнайы Астанаға келіп, домбыра сатып алады.

«Біздің үйірмеге бірінші сынып оқушыларынан бастап 80 жастан асқан адамдарға дейін келеді. Домбыра үйренуге жас бойынша ешқандай шектеу жоқ. Бұл аспапта ойнауды кез келген адам меңгере алады», – деді шебер.

Кездесу барысында ұлттық аспаптың төл үнін сақтауда заманауи технологиялардың рөліне де ерекше назар аударылды.

«Жүз күй» жобасы аясында Құрманғазының алғашқы он күйін жазуға қатысқан саунд-продюсер Сейітбай Мейірбан бүгінде сапалы дыбыс жазу орындаушылықтың өзімен бірдей маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, ұлттық музыканы қазіргі заманда заманауи технологияларсыз сақтау мүмкін емес.

«Егер домбыра үнін бүкіл әлемге жеткізгіміз келсе, күйді орындау ғана жеткіліксіз. Оны кәсіби деңгейде жазып, әрбір дыбыстық ерекшелігін сақтап, цифрлық платформаларда қолжетімді ету қажет», – деді Сейітбай Мейірбан.

Кездесу соңында қатысушылар спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұлттық музыканы насихаттаудың заманауи тәсілдерін талқылады.