Астана көшелерінде сыртына әдепсіз сөздер мен адамдық қадір-қасиетті қорлайтын жазулар жазылған Toyota Camry автокөлігі жүргізушісі анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында аталған автокөліктің бейнесі жарияланған жазба анықталған. Көліктің сыртына бейәдеп сөздер мен айналадағылардың ар-намысына тиетін жазулар жазылған.
Тексеру барысында жүргізушінің осы көлікпен елорда көшелерінде жүріп, айналасындағыларға құрметсіздік танытқаны және қоғамдық тәртіпті бұзғаны белгілі болды.
«Полиция қызметкерлері көлік иесін анықтап, ұстады. Аталған дерек бойынша азамат ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сот шешімімен оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.