Астанада 7-8 қараша күндері Ақмола, Абай, Қарағанды, Павлодар және басқа да облыстардан келетін фермерлік шаруашылықтардың қатысуымен ауқымды «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі басталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жәрмеңке аясында 1 000 тоннадан астам ет өнімін сату жоспарланып отыр.
Соғым – қазақ халқының қысқа дайындықпен байланысты ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі.
Ата-бабамыз етін қамдап, отбасымен дастарқан басына жиналып, жақындарымен дәм бөліскен. Бүгінде «Соғым-FEST» осы дәстүрді заманауи форматта жалғастырып, отандық фермерлер мен елорда тұрғындарын бір алаңда тоғыстырады.
Жәрмеңке қала тұрғындарына ет өнімдерін тікелей өндірушілерден сатып алуға, қысқы маусымға қажетті азық-түлік қорын дайындауға және отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға мүмкіндік береді.
Жәрмеңкелер әр демалыс күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін қаланың үш алаңында өтеді:
• Keruen Joly сауда орталығы – Алаш тасжолы, 35Б;
• «Ет әлемі» сауда орталығы – Алаш тасжолы, 31/1;
• Jurt сауда орталығы – Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3.
Жәрмеңке өтетін орындарға қоғамдық көлікпен жетуге болады.
Keruen Joly және «Ет әлемі сауда орталықтарына №7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 76, 81, 82, 120, 120А, 307 және 317 автобус бағыттары қатынайды.
Jurt сауда орталығына №2, 7, 13, 32, 42, 49, 50, 67 және 73 автобус бағыттары арқылы баруға болады.