Ұландықтар Астанада ерекше балалардың ата-аналарына концерт ұйымдастырды
Астанадағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға арнап ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Ән-би ансамблі концерттік бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараның мақсаты – күн сайын балаларын оңалту шараларына алып келетін ата-аналарға моральдық қолдау көрсетіп, көңіл күйін көтеру.

Концерт барысында Ұлттық ұланның әскери музыканттары мен әртістері патриоттық және халық әндерін орындады. Өнерпаздардың өнері орталыққа келушілерге ерекше әсер сыйлап, ата-аналарға күнделікті уайымнан бір сәт арылып, сергіп қалуға мүмкіндік берді.
«Мен үш ерекше баланың анасымын. Күнделікті үй мен оңалту мекемесінің арасында жүргендіктен, басқа жаққа шығып, демалуға мүмкіндік бола бермейді. Бүгін әдемі ән тыңдап, рухты туындыларды естіп, бір сергіп қалдық. Балаларының денсаулығына алаңдап, ем-домға бар күшін жұмсайтын ата-аналарға да моральдық қолдау мен жылы қарым-қатынас қажет. Осыны ескерген орталық басшылығы мен ұландық өнерпаздарға алғысымыз шексіз», – деді Жұлдыз есімді ата-ана.
Іс-шара соңында «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Ердәулет Аманбай Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне алғыс білдірді. Ол қоғам тыныштығын күзетумен қатар, ауыртпалық арқалап жүрген ата-аналарға рухани қолдау көрсеткені үшін ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековке алғыс хат жолданды.
«Отан қорғау тек әскери міндетпен шектелмейді. Қоғамның әлсіз топтарына назар аудару, қолдау көрсету және жылулық сыйлау да – әскери қызметшілердің азаматтық ұстанымының бір бөлігі», – делінген хабарламада.
Бұған дейін астаналық 35 азаматтың Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуге аттанғанын жаздық.