Референдум-2026

Тұтынушылар құқығы: Жарты жылда 1,5 млрд теңге қайтарылды

Тұтынушылар құқығы: Жарты жылда 1,5 млрд теңге қайтарылды
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша тұтынушыларға тауарларды айырбастау және қайтаруы арқылы жалпы сомасы 1,5 млрд теңгесі қайтарылды. Бұл көрсеткіш 2025 жылмен салыстырғанда 15,3%-ға жоғары, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Өтініштерді қарау нәтижесінде 15 мың тұтынушының талабы қанағаттандырылып, 15,4 мың тұтынушыға құқықтық көмек көрсетіліп, консультация берілді. Ал 12 мың тұтынушының мәселесі құзыреті бойынша қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.

Тұтынушылардың өтініші негізінде аумақтық департаменттер 776 тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде 892 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 17,3 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Маңғыстау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті «Tuha Development» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің жасаған үлестік қатысу шарты бойынша дауын сотқа дейінгі мәміле арқылы шешіп, тұтынушыларға 14 млн теңгеден астам қаражатты қайтарды.

Шымкент қаласында «Канфар Бюлдинг» ЖШС-нан сатып алынған пәтердегі кемшіліктерге байланысты жүргізілген жұмыс нәтижесінде тұтынушыға 15,1 млн теңге қайтарылды.

Сондай-ақ резонанс тудырған істердің бірі – «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС-нан Lexus LX 600 автокөлігін сатып алған тұтынушының өтініші. Департаменттің құқықтық сүйемелдеуі нәтижесінде тұтынушыға 79 490 000 теңге көлеміндегі қаражат толық көлемде қайтарылды.

Бұдан бөлек, «Сапалы өнім» жобасы аясында сапасыз және қауіпті өнімдерді анықтау жұмыстарының қорытындысы бойынша 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында зерттелген 874 өнім түрінің 623 атауынан заңнама талаптарының бұзуылу анықталды. Оның 84%-ы өнімді таңбалау талаптарының сақталмауына, ал 16%-ы санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуына қатысты. Анықталған фактілер бойынша 462 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.

Еске салсақ, 12 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» заңына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Енді инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттарды алу үшін өтініштер толықтай электронды форматта қабылданады.