Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды

Бүгін, 15:28
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

13-14 мамыр күндері Қазан қаласында Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы – ИСЕСКО Бас конференциясының 15-ші сессиясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шара барысында қатысушылар ұйымның 2020-2025 жылдар аралығындағы атқарған жұмысына шолу жасап, ИСЕСКО-ның 2026-2029 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын талқылады. Құжатта ұйымның алдағы кезеңдегі негізгі даму басымдықтары айқындалған.

Жиын аясында Түркістан қаласының 2027 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылуы Қазақстан үшін маңызды мәдени бастамалардың бірі болды.

Конференцияда ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли кейінгі жылдары Ислам әлемі мұралары тізіміне Қазақстаннан «Тоғызқұмалақ» дәстүрлі ойыны, «Ою-өрнек» сәндік-қолданбалы өнердің үлгісі және «Қармақшы жыраулары» ауызша поэзия дәстүрі сақталған өнер мектебі енгізілгенін атап өтті.

Сонымен қатар қазақстандық тарап 2026 жылы Алматы қаласында әл-Фарабидің адамзат тарихына қосқан үлесіне арналған II халықаралық конференция өтетінін жариялады. Іс-шара ИСЕСКО ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылады.

Айта кетейік, ИСЕСКО Бас конференциясы төрт жылда бір рет өткізіледі. Биылғы форум гибридті форматта өтіп, оған ұйымға мүше 53 мемлекеттің өкілдері қатысуда.