Талдықорғанда синтетика есірткі таратумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды
Полицейлер Талдықорғанда синтетикалық есірткіні өткізумен айналысты деген күдікпен ерлі-зайыптыны ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олар - Алматы қаласының 33 жастағы тұрғыны мен Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдіктілер мессенджер арқылы куратордан нұсқау алып, тыйым салынған заттарды жасырын орындарға қалдырып жүрген. Жеке тінту барысында олардан ұнтақ салынған орамалар, сондай-ақ есірткілерді өлшеп-орауға және таратуға арналған заттар тәркіленді.
Сонымен қатар Талдықорған қаласындағы уақытша тұрып жатқан үйінен қосымша есірткі заттары мен олардың заңсыз қызметпен айналысқанын айғақтайтын құрал-жабдықтар анықталды.
Тергеу әрекеттерінің нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 260 грамм мефедрон тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.