Референдум-2026

Смағұл Елубай: «Абайдан үлгі алғандардан гөрі, үлгі алмағандар көп»

Бүгін, 10:22
Думан Аманжол Думан Аманжол
Смағұл Елубай: «Абайдан үлгі алғандардан гөрі, үлгі алмағандар көп»
Фото: adebiportal.kz

Бүгін елімізде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы және ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлына арналған Абай күні атап өтіледі. Абай күні — Қазақстан Республикасының мерекелік күнтізбесіне енген күн. Үкімет қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленді. Бұл мереке 2020 жылы аталып өтілетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қарсаңында бекітілді. Осыған орай Халық жазушысы Смағұл Елубаймен бүгінгі оқырманның Абайды қаншалықты танып-біліп жүргені, ақынның қара сөздерінің мәні және жастарға Абайды жақындату жолдары туралы сұхбаттастық, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілішсі.

– Смағұл Абатұлы, бүгінгі оқырман Абайды қаншалықты танып-білді деп ойлайсыз?

– Абайдан қалған аз ғана мұра – өлеңдері мен қара сөздерін бүгінде оқымаған оқырман жоқ шығар. Бірақ бұл оқу көптеген жағдайда тек хабардарлық деңгейінде қалып жатады. Бұл аз. Танып-білу – басқа сөз. Алғашқы оқығаныңда Абай саған алдыртпайды. Тек тереңдікті сезесің де қоясың. Сондықтан бұл алыпты танып-білу үшін бізге жеткен оның жан дауысына қайта-қайта ден қою парыз. Біз де сөйттік. Өмірдің ұзақ өресінде Абай мұңына қайта-қайта құлақ түрдік. Сөйтсек, жас оқырманнан гөрі жасамыс оқырманға Абайдың айтары көп екен.

– Абайды жастарға жақындату үшін не істеу керек?

– Абайды емес, жастарды Абайға жақындату үшін не істеу керек дейік. Ол үшін жастарымыз елтең-селтең, жеңіл-желпі, жын-жыпыр жынойнақтардан аулақ болғаны абзал. Әрине, сол у-шудың арасынан жырылып шығып, Абаймен сырласқысы келетін талаптыларды табу – бұта арасынан ине іздеп табумен тең. Бірақ сол тобыр арасынан бірер талапты жас шығып жатса, сөз жоқ, «бүгінде де Абай шәкірттері бар екен» деп бек шүкіршілік етер едік. Ондай Абай шәкірттерін «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп зарлап өткен Абайдың қиын да күрделі жолына түстің бе?! «Құтты болсын!» дер едік.

– Абайдың қара сөздерін қалай бағалайсыз? Әдеби шығарма ма, әлде философиялық шығарма ма?

– «Қара сөздері» – Абайдай абыздың ой толғаулары ғой. Ешнәрсені жасырмай, құрып бара жатқан халқының кемшіліктерін бетке басуы. «Қара сөздер» – Абайдың туған халқы қазаққа деген жан шырылы. Надандық атты құрдымға жұтылып бара жатқан қараорман қазақты қайтсем құтқарамын деп, осынау пайғамбар тұлғалы азаматтың маңдайын тауға да, тасқа да ұруы. «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым» деуі содан шыққан ғой.

– Жазушы ретінде өзіңіз Абайдан қандай сабақ алдыңыз?

– Абайдан сабақ алмаған қазақ қазақ па? Өкінішке қарай, ондай дүбаралар елімізде толып жатыр. Абайдан үлгі алғандардан гөрі, үлгі алмағандар көп дер едік. Сол үлгі алмағандар – ұлт болып ұйысу жолымыздағы негізгі кедергілер. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын десек, Абайдан түгел қазақ үлгі алуы керек. Егер Абай ақын ғана емес, алып тұлғалы азамат болмаса, ішкенге мәз, жегенге тоқ болып, өмір сүріп өтер еді. Ол үшін Абайда бәрі болды. Бай болды. Төрт түлігі сай болды. Бірақ халқы надан болды. Орысқа бодан болды. Осыны көріп отырып, Абай бақытты бола алмады. Алаш сөзін айта алмай тұра алмады. Айқайлап айтып, азаматтық биікте өлді. Күйікте өлді.
Алыптың осынау «халқым» деген қайтпас күрескерлік қасиеті бүгінгі жастарға сабақ болса екен дейміз. Бізге сабақ болды. 

- Сұхбатыңызға рахмет. Абай күні құтты болсын!