Шәмші әндері неге ескірмейді – музыка маманы сазгер мұрасының өміршеңдігі туралы
15 тамыз - Мемлекеттік Гимн авторы, Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың дүниеге келген күні. Осы күнге орай Elordainfo.kz тілшісі елордадағы Е.Серкебаев атындағы №3 Балалар музыка мектебінің директоры, «Айналайын» балалар хорының жетекшісі Гүлмира Жангелдімен бірнеше ұрпақ шырқап келе жатқан сазгердің сырлы әндерінің ерекшелігі туралы сұхбаттасты.
- Гүлмира Жангелдіқызы, алдымен, Шәмшінің қазақ музыка тарихындағы орнын тағы бір еске түсірсек...
- Шәмші Қалдаяқовтың қазақ музыка тарихындағы орны ерекше биік. Себебі ол қазақ ән өнерін жаңа деңгейге көтерген, ұлттық ән мәдениетінде өзіндік мектебін қалыптастырған ұлы композитор деп айтуға болады. Шәмшінің әндері - қазақ халқының музыкалық жадында мәңгі қалатын шығармалар. Өйткені ол композитор ретінде халықтың жүрегіне жол тапқан жан. Әсіресе, қазақтың лирикалық ән жанрын биік деңгейге көтерген. Оның ұлттық әуездегі шығармалары сезімге өте бай.
Музыкалық тұрғыдан алғанда, Шәмшінің шығармашылығы кәсіби әрі табиғи. Ол кісі консерваторияда оқыды, бірақ, өкінішке қарай, аяқтамады. Кезінде көптеген әріптестері сол үшін оны кәсіби композитор ретінде қабылдамаған. Бірақ бұған қарап Шәмшінің шығармалары жоғары кәсіби деңгейде емес деп кім айта алады? Оның әндері қазақтың дәстүрлі әндерімен тамырлас болғанмен, сол кезең үшін жаңаша тыныс әкелді. Әуені мен сөзі бір-біріне өте үйлесімді. Ол композитор үшін басты ерекшелік. Мұндайда ән жеңіл есте қалады, әдейі жаттаудың да қажеті жоқ. Сондықтан Шәмшіні тек ән жазған композитор деп қана емес, қазақ халқының музыкалық болмысын терең сезінген тұлға деп бағалауға болады.
- Шәмші әндерінің бүгінге дейін халық жүрегінен орын табуының сыры осында дейсіз ғой...
- Иә, жаңағы айтқанымдай, Шәмшінің әндері сезімге бай, ол кісінің әндерінде жасандылық жоқ. Адамның жүрегіндегі ең қарапайым, бірақ ең терең сезімдерді әнге айналдыра білді. Махаббат, қуаныш,сағыныш, туған жер, анаға деген сүйіспеншілік. Бұл - мәңгілік сезімдер. Сондықтан Шәмшінің әндері неше жыл өтсе де орындалып жатыр, халықтың жадында мәңгі сақталатынына және ескірмейтініне сенем. Шәмшінің әндерін әр буын қабылдайды, бірақ өзінше қабылдайды. Жас адам дәл қазіргі басынан кешіп жатқан сезімдерімен ғашықтық әндері деп қабылдаса, ересек адамдар жастық шағын, алғашқы махаббатын, өмірінің кезеңдерін еске түсіруі мүмкін. Әрі-беріден соң бұл әндер әр адамның жеке естелігіне айналады. Сондықтан бұл әндер ескірмейді, жаңа қырынан ашыла береді, ашыла береді.
Терең ойды есте қаларлық әуен арқылы жеткізу үлкен композиторлық шеберлікті қажет етеді. Шәмшінің құпиясы оның әндері сөздерімен бірге өмір сүреді. Әуенді тыңдағанда мәтін өзімен-өзі құлағыңда қалады,жүрекке жетеді. Мәтінді оқығанда әуені құлағыңда естіліп тұрады. Ол халықтың табиғи ән айту ерекшелігін өте сезінген. Сондықтан оның әндері халыққа етене жақын.

- Шәмші әндерін шеберлікпен орындау үшін не қажет? Сіз басқаратын музыкалық мектепте композитордың әндері орындала ма?
-Шәмші әндерінің басым бөлігі - махаббат лирикасы. Ал біздің музыка мектебімізде 6-16 жастағы балалар тәрбиеленіп жатыр ғой. Балалардың жас ерекшелігіне байланысты әуелі оларды Шәмші шығармашылығымен таныстырамыз. «Айналайын» балалар хорындағы кіші буынға «Ана туралы жыр», «Отырардағы той», «Біз балдырған баламыз» әнін орындатамыз. Композитордың әндеріне жасалған аспаптық вариацияларды орындатамыз. Мысалы, «Арыс жағасында» әні бойынша қобызға, фортепианоға бейімдеп өңделген шығармалар бар. Ал 16-17 жаста сәл-пәл лирикаға бет бұруға болады.
Шәмші әндерін айту үшін жақсы дауыс қана жеткіліксіз, ең бастысы, сезім болу керек. Егер кәсіби тұрғыдан айтсақ, вокалдық дайындық, дұрыс тыныс алу, таза интонация, дикция, музыкалық есту қабілеті, ырғақ сезімі өте маңызды. Мәтін мағынасын дұрыс түсіну керек. Әнші әннің көңіл күйін тыңдаушыға жеткізе алуы тиіс. 3 минуттық ән болса, әнші сол оқиғаның ішінде өмір сүруі қажет. Сондықтан шәкірттеріме «Шәмші әні болса да, басқа ән болса да, әнді айтпас бұрын оның не туралы екенін түсініп алыңыздар» деймін, себебі сезім мен вокалдық техника қатар жүруі керек. Сонда ғана жүректен шыққан ән жүрекке жетеді.
Мысалы, «Айналайын» балалар хорымен жұмыс жасаған кезде кез келген әнді әуелі тыңдаймыз, мәтінді оқимыз, ондағы сөз мағынасын түсініп, қандай сезім пайда болғанын талдаймыз, сосын барып музыкалық тұрғыдан әуенді үйренеміз. Бұған қоса әнді бұрмаламай, қаз-қалпында сақтап, келесі ұрпаққа жалғаған дұрыс деп санаймын.
- Сіздіңше, елорданың мәдени ортасында Шәмші мұрасының насихатталуы қандай деңгейде?
- Астана мәдениеті мен өнері қарқынды дамып келе жатқан үлкен шығармашылық орталық қой. Елордадағы концерттік және ағартушылық жобалардан Шәмші мұрасы тыс қалған емес. Мысалы, 2025 жылы Астанада Filarmonia Fest жобасы аясында Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Әнім сен едің» атты музыкалық кеш өтті. Сол бағдарламада композитордың әндері симфониялық, этно және замануи бағыттарда ұсынылған болатын. Осы кештердің бірінде «Айналайын» балалар хоры да қатысқан. 2026 жылғы сәуірде «Арқалықтың ақ таңы» атты композитордың шығармашылығына арналған концерт өтіп, вальс королінің барлық дерлік әндері шырқалды. Биыл тағы Астанадағы ЖОО студенттері арасында «Шәмші әндері-ай» деген қалалық ән байқауы ұйымдастырылған болатын.
Композитордың басты әні әнұран екенін білеміз. Биыл 2026 жылдың алғашқы секундын «Айналайын» балалар хоры орындауындағы әнұраннан бастадық. Президентіміз жаңажылғы құттықтауын айтқаннан кейін ҚР Гимні орындалды, оны теледидардан көрсетті.

- Ал өз өміріңіздегі Шәмші әндерінің орны қандай?
- Анам екеуміз таңертеңнен бастап «Алисаға» Шәмші әндерін қосқызамыз. Өйткені Шәмші әндері отбасымызға өте жақын. Мереке-той Шәмші әндерінсіз өтпейді. Анам сахна адамы емес, қарапайым мұғалім болса да, даусы жақсы еді. Тамақ істеп жатып та, кір жуып жатып та құлаққа сіңген «Ақ бантик», «Арыс жағасында» әндерін шырқап қоя беретін, одан қалса мектептегі іс-шараларда орындайтын. Бұл біздің ғана емес, барлық қазақы отбасындағы жүрекке жылылық орнататын таныс көрініс қой деп ойлаймын. Шәмші әндерінің өміршеңдігінің бір қыры да осында – әр қазақтың қуаныш дастарханынан бастап үлкен сахна, биік мінберлерде де мерейімізді тасытуында жатыр.
- Сұхбатыңызға рақмет!