Саясаттанушы: Жаңа Конституция – Қазақстанның жаңа даму кезеңіне бастар жол

Саясаттанушы: Жаңа Конституция – Қазақстанның жаңа даму кезеңіне бастар жол
Фото: Нұрхат Ораштың жеке мұрағатынан

1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Конституция елдің саяси, экономикалық және қоғамдық өміріне елеулі өзгерістер әкелмек. Конституциялық реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуді және халықтың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Осы өзгерістердің маңызы мен болашаққа әсері туралы Elordainfo.kz тілшісіне «Ауыл» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары, саясаттанушы Нұрхат Ораш пікір білдірді.

Қоғамдық-саяси мәселелер бойынша сарапшы еліміздегі конституциялық реформалардың жүзеге асырылуы мен олардың қоғам дамуына ықпалы жөнінде өз көзқарасын ортаға салды.

- Нұрхат Серікқалиұлы, 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Ата заң мәтінінің көп бөлігі толық жаңартылғаны белгілі. Сіздің ойыңызша, бұл тарихи реформа Қазақстанның саяси және экономикалық дамуында қандай жаңа мүмкіндіктердің көкжиегін ашады? Бұл өзгерісті еліміздің жаңа дәуірге жасаған ең үлкен қадамы деп атауға бола ма?

- Конституция мәтінінің 84 пайызы өзгертілді – бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі конституциялық қайта қарау. Президент оны «іс жүзінде жаңа Конституция» деп атауы тегін емес. Бұл – тек заңдық жаңарту ғана емес, мемлекеттік басқарудың бүкіл философиясын жаңартуға деген нақты ерік-жігердің көрінісі. Саяси тұрғыдан  биліктің теңгерімі күшейеді, жаңа институттар жауапкершілікті бөліседі, шешім қабылдау жеделдейді, мемлекеттің халыққа есеп беруі артады. Экономикалық тұрғыдан меншік құқығының, кәсіпкерлік бостандықтың конституциялық кепілдіктері болашаққа деген сенімді нығайтады. Иә, бұл Қазақстанның жаңа дәуірге жасаған ең үлкен конституциялық қадамы деп айтуға толық негіз бар.

- Жаңа Конституцияда алғаш рет азаматтардың виртуалды ортадағы цифрлық құқықтары мен биометриялық деректерін қорғау конституциялық деңгейде бекітіліп отыр. Жеке деректердің заңсыз таралуы мен киберқылмыс көбейген заманда бұл қадам қарапайым халықтың қауіпсіздігі мен заң үстемдігін қорғауда қаншалықты маңызды қорған болады?

- Бұл – заманның талабына берілген нақты жауап. Бүгін адам тек нақты кеңістікте ғана емес, виртуалды ортада да өмір сүреді – банкинг, медицина, мемлекеттік қызметтер, жеке хат-хабар бәрі онлайнда. Ал биометриялық деректер бетіңіз, саусақ ізіңіз, дауысыңыз бұл сіздің ең жеке мүлкіңіз. Осы деректерді конституциялық деңгейде қорғауға алу – заңнамалық актілерді жоғары инстанцияда бекіту дегенді білдіреді. Яғни, ешбір мемлекеттік орган да, жеке компания да бұл деректерді заңсыз жинай немесе пайдалана алмайды. Киберқылмыс жыл санап өсіп жатқан уақытта бұл – мемлекеттің азаматына берген нақты кепілдігі. Маңызы тек заңдық емес, психологиялық та: адам мемлекет оны қорғайды деп сенеді.

- 1 шілдеден бастап дәстүрлі қос палаталы Парламент жүйесі жойылып, орнына бір палаталы жоғары өкілді орган – Құрылтай келеді және алғаш рет вице-президент лауазымы енгізіледі. Бұл институттар мемлекеттік басқару жүйесіне, сондай-ақ заң шығару процесін жаңа деңгейге көтеруге қалай ықпал етеді?

- Жаңа конституциялық заң Құрылтайдың өкілеттіктерінің кең ауқымын белгілейді. Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беру функциялары кіреді. Бір палаталы жүйе – бюрократиялық кедергілерді азайтады. Заң жобасы екі палата арасындағы ұзақ келісу процедурасынсыз жылдам өтеді, бұл экономикалық және әлеуметтік мәселелерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Вице-президент институты ерекше рөл атқарады. Ол Президентке бағына отырып, оның тапсырмаларын орындайды және президенттік лауазымға келесі үміткерлер қатарында бірінші орында тұрады. Бұл – мемлекеттік басқарудағы сабақтастыққа, тұрақтылыққа жасалған инвестиция.

 

- Жаңа реформалардың тағы бір маңызды жаңалығы – азаматтардың заң жобаларын тікелей ұсынуына мүмкіндік беретін «Халық кеңесінің» құрылуы. Сіздің пікіріңізше, бұл жаңашылдық қоғам мен билік арасындағы диалогты қалай нығайтады және шешім қабылдауда «халық үнін» қалай басты орынға шығарады?

- «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң жаңа консультативтік органның құқықтық мәртебесін, өкілеттігін, құрылу тәртібін және қызметін ұйымдастыру жолдарын айқындайды. Азаматтардың заң жобаларын тікелей ұсынуына мүмкіндік беру – демократияның тереңдеуінің нақты белгісі. Бұған дейін «халық дауысы» – қоғамдық кеңестер арқылы естілсе. Енді ол заңнамалық механизмге айналады. Кәсіпкер, дәрігер, мұғалім, шаруа кез келген азамат өз саласының проблемасын заң деңгейінде шешуге бастамашы бола алады. Бұл – мемлекет пен қоғамның арасындағы алшақтықты жою жолындағы маңызды қадам, сонымен бірге жергілікті мамандардың практикалық тәжірибесін мемлекеттік шешімдерге ендіру мүмкіндігі.

- Меншік құқығының кепілдігі мен заңның әділдігі кез келген бизнестің тұрақты дамуының негізі. Жаңа Конституцияда бекітілген экономикалық және құқықтық кепілдіктер еліміздің инвестициялық ахуалын жақсартуға және отандық кәсіпкерлердің мемлекетке деген сенімін нығайтуға қандай әсерін тигізеді?

- Бизнес болжамды жерге барады. Инвестор белгісіздіктен қашады. Меншік құқығы мен заңның әділдігі Конституция деңгейінде бекітілгенде – бұл ең жоғары заңдық кепілдік болады, оны ешбір үкімет жарлығы немесе ведомстволық бұйрық жоққа шығара алмайды. Отандық кәсіпкер үшін бұл – мемлекет меніменен бірге деп сенудің негізі. Шетелдік инвестор үшін – еліміздің ойын ережелері тұрақты және болжамды деген сигнал. Жаңа Конституцияның экономикалық блогы шын мәнінде Қазақстанды аймақтық инвестициялық хаб ретінде позициялауға нақты құқықтық іргетас болып табылады. Бұл – ұзақ мерзімді экономикалық өсудің, жаңа жұмыс орындарының және технологиялық дамудың алғышарты.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Авторы: Розагүл Күнтуған