Ғылымға бөлінген қаржының экономикалық әсері қандай: депутат министрге сауал жолдады

Бүгін, 16:24
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ғылымға бөлінген қаржының экономикалық әсері қандай: депутат министрге сауал жолдады
Фото: ҚР Құрылтайының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Тілектес Адамбековтің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың тиімділігін арттыру мәселесі бойынша Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутаттың сөзінше, еліміздің Ата заңында адам капиталы, білім, ғылым және инновацияларды дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде белгілінген.

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында ғылым, білім және өндіріс өзара байланыссыз жұмыс істеп келген жүйеден бас тартып, экономика сұранысына тікелей қызмет ететін, әрі жаңа өндіріс салаларын қалыптастыратын біртұтас «ғылым – білім беру – өндіріс» моделіне көшу жарияланды. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми сайтында жарияланған мәліметтерге сәйкес соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есе өсті. 2023 жылдан бастап ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар екі еседен астам өсіп, 2026 жылға қарай 121,5 млрд теңгеден 260 млрд теңгеге ұлғайған. Сонымен қатар, 2025 жылы 241 инновациялық жобаның іске асырылғаны, 1 200-ден астам зерттеудің аяқталғаны және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағдарламаларының кеңейтілгені хабарланған. 

Алайда еліміздегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырудың экономикалық әсері туралы ақпарат қолжетімді емес. Зерттеу жұмыстарының шамамен 80%-ы мемлекеттік  бюджет есебінен қаржыландырылады. Бюджет тапшылығы жағдайында қаржыландыру көлемі мен іске асырылған жобалардың саны ғана емес, мемлекет салған инвестициялардың нақты қайтарымын бағалау маңызды, - деді Тілектес Адамбеков.

Осыған байланысты депутат төмендегі мәселелер бойынша нақты ақпарат ұсынуды сұрады:

1) Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға бағытталған әрбір теңге бюджет қаражаты қандай көлемде экономикалық әсер, қосылған құн, салықтық түсім немесе экспорттық кіріс әкелді?

2) Нәтижелері өндіріске енгізілген, коммерциаландырылған немесе жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берген ғылыми жобалар үлесі қандай? 

3) Ғылым мен технологиялардың жекелеген бағыттарының тиімділігіне салыстырмалы талдау жүргізіле ме? Қандай салалар ең жоғары экономикалық қайтарым көрсетеді, ал қай бағыттар практикалық нәтижелердің жоқтығымен сипатталады? Егер мұндай бағыттар анықталса, олардың төмен нәтижелілігінің негізгі себептері қандай?

Сондай-ақ, Тілектес Адамбеков Конституциялық заңға сәйкес жауап берілуін сұрады.