Астанада Есіл арқылы жаңа көпір салынуы мүмкін: жоба қай көшелерді жалғайды
Астанада Хусейн бен Талал көшесін Әл-Фараби даңғылынан Ш. Қалдаяқов көшесіне дейін ұзарту жоспарланып отыр. Жоба аясында Есіл өзені арқылы автожол көпірін салу көзделген, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Елордада көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған жаңа инфрақұрылымдық жоба әзірленіп жатыр. Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының Elordainfo.kz редакциясына берген жауабына сәйкес, Хусейн бен Талал көшесін ұзарту және оның Есіл өзенімен қиылысында автожол көпірін салу жоспарланған.
Жоба іске асса, елорданың сол жағалауы мен оң жағалауын «Нұрлы жол» теміржол вокзалы тұсынан байланыстыратын балама көлік дәлізі пайда болады. Бұл ретте жаңа магистраль қолданыстағы бірқатар жүктемесі жоғары жолдардағы көлік ағынын қайта бөлуге мүмкіндік береді.
Көпір қай жерде салынады?
Астананың бас жоспарына сәйкес, Хусейн бен Талал көшесі Әл-Фараби даңғылынан Ш. Қалдаяқов көшесіне дейін жалғасады. Осы көшенің Есіл өзенімен қиылысатын тұсында автожол көпірін салу жоспарланып отыр.
Басқарма мәліметінше, Хусейн бен Талал көшесі жалпы қалалық маңызы бар магистраль ретінде қарастырылған. Жобада көше бойымен 8 жолақты қозғалыс ұйымдастыру көзделген.
Жаңа жолдың негізгі міндеті – елорданың екі жағалауы арасындағы қатынасты кеңейтіп, жүргізушілерге балама бағыт ұсыну.
Қай жолдардағы көлік жүктемесі азаюы мүмкін?
Басқарманың түсіндіруінше, Хусейн бен Талал көшесінің жалғасы бірнеше негізгі бағыттағы көлік ағынын қабылдай алады. Атап айтқанда:
Сығанақ көшесі мен Ұлы Дала даңғылы. «Нұрлы жол» жаңа вокзалына немесе «Алматы» ауданына бағыт алған жүргізушілер Хусейн бен Талал көшесінің жалғасын пайдалана алады.
Мәңгілік Ел даңғылы. Сол жағалаудағы негізгі магистральдардың біріндегі көлік ағынының бір бөлігі балама бағытқа ауысуы мүмкін.
«Арыс» көпірі мен Тәуелсіздік даңғылы бойындағы көпір. Есіл арқылы өтетін осы бағыттардағы көлік қозғалысы қайта бөлініп, қарбалас уақытта көпірлердің кіреберістері мен шығаберістеріне түсетін жүктеме азаюы ықтимал.
Осылайша, жаңа көпірдің ықтимал әсері тек бір көшедегі қозғалыспен шектелмейді. Жоба елорданың сол және оң жағалауларындағы бірнеше магистраль арасындағы көлік ағынын қайта ұйымдастыруға бағытталған.
Көпірдің құрылысы қашан басталады?
Қазіргі таңда көпір құрылысының жобасын инвестор әзірлеп жатыр. Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы нақты құрылыс мерзімі қаржыландыруға байланысты болатынын хабарлады.
«Бүгінгі таңда инвестор Есіл өзені арқылы өтетін көпір құрылысының жобасын әзірлеп жатыр. Көпір құрылысының құны жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынғаннан кейін анықталады», – делінген басқарманың Elordainfo.kz редакциясына берген жауабында.
Жоба инвестор тарапынан әзірленіп, қала балансына берілгеннен кейін басқарма оны мемлекеттік қаражат есебінен әрі қарай іске асыру мәселесін қарайды. Сонымен қатар мердігер ұйымды мемлекеттік сатып алу арқылы анықтау жоспарланған.
Бұл ретте құрылыс басталатын нақты күн мен нысанды пайдалануға беру мерзімі әзірге белгісіз.
Жоба астаналықтарға қандай береді?
Астана аумағы кеңейіп, тұрғындар саны артқан сайын көлік қозғалысын балама бағыттар арқылы ұйымдастыру қажеттілігі де артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Хусейн бен Талал көшесінің жалғасы мен Есіл арқылы өтетін жаңа көпір қаланың көлік инфрақұрылымындағы маңызды буындардың біріне айналуы мүмкін.
Алайда жобаның нақты көлік жүктемесін қаншалықты азайтатыны, құрылыс құны мен іске асыру мерзімі жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада ақылы тұрақ жүйесі өзгергенін жазған едік.