Президент Жолдауы: Үкімет Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын мақұлдады

3 қараша, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Президент Жолдауы: Үкімет Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын мақұлдады
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Құжаттың негізгі бағыттары туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Жоспар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 12 бағыты бойынша 96 іс-шараны қамтиды және «Халықтық құрылыс» жалпыхалықтық құрылыс жылын жүзеге асыру, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, ТКШ жаңғырту, өнеркәсіп пен АӨК-ті қолдау, цифрлық шешімдер мен ЖИ технологияларын енгізуге бағытталған шаралар кешенін қарастырады. Жекелеген шаралар қатарына кәсіпкерлікті дамыту, салық және қаржы жүйелерін жетілдіру, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, халықты әлеуметтік қолдауды күшейту, жалақыны көтеру және педагогтерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту кіреді. Сондай-ақ стратегиялық ресурстарды басқарудың жаңа тетіктерін қалыптастыру, капитал нарығын дамыту және заңнаманы жетілдіру де көзделген.

Дауыс беру нәтижесінде Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды.

«Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Жолдаудың негізгі бағыттары мен Мемлекет басшысының бастамалары аясында қойылған міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталып отыр. Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне баса мән беруі керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Әкімдіктерге өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды сапалы жүзеге асырып, әлеуметтік нысандардың құрылысын, су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Заң жобаларын уақтылы әзірлеп, Құрылтай қарауына енгізу қажет. Жоспардың әрбір тармағын қаржыландыру мәселесін мұқият пысықтаңыздар. Басты міндет – іс-шараларңың барлығын тиімді әрі дер кезінде орындау», - деп атап өтті Премьер-министр.

Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет аппаратымен бірлесіп, Президент Әкімшілігіне Мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын енгізу тапсырылды. Премьер-министрдің орынбасарлары өздеріне бекітілген Жоспардың жүзеге асырылуын қадағалауды және үйлестіруді қамтамасыз етеді.

Еске сала кетейік, Қазақстанда инвестициялық саясат қайта қаралады және орта кәсіпкерлікті қолдау күшейеді.