Бүгін Қаскелең қаласының Мәдениет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазанда жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жиынға Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, «Әділет» партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының I шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Арман Жансенгіров және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұрсұлтан Орынбасаров қатысты. Сонымен қатар кездесуге ауданның білім саласының өкілдері мен жастар қатысты.
Кездесу барысында спикерлер Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым бағыттарға тоқталып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғам алдындағы өзекті міндеттер жөнінде пікір білдірді.
Алғашқы болып сөз алған Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев энергетика саласын дамыту, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және саланың тұрақты дамуы бағытындағы міндеттерге тоқталды.
Өз кезегінде Құрылтай депутаты Арман Жансенгіров әлеуметтік-мәдени саланы дамытуға бағытталған бастамаларға тоқталып, білім беру жүйесін жетілдіру, инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау және педагогтердің мәртебесін арттыру мәселелерін атап өтті.
Ал Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұрсұлтан Орынбасаров өз сөзінде Жолдауда белгіленген экономикалық және әлеуметтік реформалардың маңыздылығына назар аударды. Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында мектептер, ауруханалар мен өзге де әлеуметтік нысандар салу, ауыл шаруашылығын қолдау, өңірлердің инфрақұрылымын дамыту және азаматтардың табысын арттыру бағыттарын атап өтті. Сонымен қатар реформаларды жүзеге асыруда қоғамдық бірлік, заң мен тәртіп және адал еңбектің маңызын жеткізді.
Жиында білім беру саласына қатысты міндеттер де кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, білім беру инфрақұрылымын жетілдіру, білікті мамандар тапшылығын азайту, мұғалімдердің жұмыс жүктемесін оңтайландыру және артық есептілік пен қағазбастылықты жою мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу», – деп атап өтіп, педагогтердің негізгі жұмысына кедергі келтіретін артық есептілік пен қағазбастылықты жою қажеттігін тапсырған болатын.
Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту, тиісті мамандармен қамтамасыз ету және балалардың даму ерекшеліктерін ерте жастан анықтау жұмыстарының маңыздылығы айтылды.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, арнайы келген спикерлермен ашық пікір алмасты. Жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, өзекті сұрақтарға жауап берілді.