Наурыз мейрамында қазақтың бар асыл қасиеті көрінеді - әнші Медет Салықов
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, сазгер Медет Салықов жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Наурыз мейрамы – бұл тек жаңа жылдың бастауы ғана емес, ол табиғат пен адамның жаңаруы, өмірге жаңа леп, жаңа күш алу мерекесі. Оның құндылығы бірнеше аспектіден көрінеді. Атап айтқанда, адамдар өткен өкпе, ренішті ұмытып, жаңа өмірді таза ниетпен бастауға мүмкіндік береді. Халықты біріктіріп, адамдар арасындағы қатынасты жақсартады. Ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ұлттық ойындар мен ырымдар жаңғырады», - дейді әнші.
Ол сондай-ақ айтуды мерекеде халқымыздың бойындағы мейірімділік, кешірімділік секілді асыл қасиеттер бой көрсететінін айтты.
«Бұл күні үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі сақталады. Қонаққа шақыру, дастарқан басында бірге ас ішу, бір-біріне сый-құрмет көрсету секілді жарқын сәттер кең көрініс табады. Сонымен қатар, әлеуметтік көмек, әсіресе қарттарға, мұқтаждарға қол ұшын созу амалдары жасалып жатады», - деді Медет Салықов.
Әнші осынау мерекеде еліміздің әр шаңырағына бақыт, береке, шаттық тіледі.
«Айтылған әрбір ақ тілек қабыл болсын. Ырыс-несібелеріңіз артып, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болсын, ағайын», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Салықов.