ІІМ: Референдум учаскелеріндегі жағдай тұрақты әрі тыныш
Ішкі істер органдары референдумның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуді жалғастыруда, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Референдум күні барлық жеке құрам күшейтілген режимде қызмет атқарады. Кез келген жағдайға жедел әрекет ету үшін – әр қала мен аудандық полиция бөлімдерінде мобильді жедел тергеу топтары құрылған.
Сонымен қатар референдум учаскелерінің маңындағы аймақтарға бақылау күшейтілді. ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, Жедел басқару орталықтарына қосылған бейнекамералар арқылы да бақылау жүргізіліп жатыр.
«Министрліктің барлық қызметтері кез келген жағдайға жедел әрекет етуге дайын. Қазіргі уақытта референдум учаскелеріндегі жағдай тұрақты әрі тыныш. Қоғамдық тәртіп бұзушылықтары тіркелген жоқ. Полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады», - деді спикер «Референдум – 2026» онлайн-марафоны аясында ОКҚ алаңында өтіп жатқан брифинг барысында.