Ғұсман Қырғызбаев: Шетелдік бапкердің жаттығуынан жалығып кетпейсің
Дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев Астанада өтетін Grand Slam турниріне дайындық барысында Elordainfo.kz тілшісіне сұхбат берді.
- 2024 жылдың соңында ұлттық құрамада түбегейлі өзгерістер болып, шетелдік бапкерлер штабы келді. 1,5 жылдың ішінде ол кісілердің методикасына үйрендіңіздер ме? Қалай қабылдап жатырсыздар?
- Париж Олимпиадасынан кейін біраз уақыт тынығып, 2025 жылы татамиге оралдым. Содан бері ұлттық құрамамен дайындалып келемін. Жаттығудың түрлері өзгерген. Ең бастысы, шетелдік бапкердің жаттығуынан жалығып кетпейсің. Өздеріңіз білетіндей, тоқтаусыз бір жыл бойы оқу-жаттығу жиыны мен жарыстарда жүреміз. Бала кезден айналысып келе жатқандықтан, белгілі бір әдістерді қайталай беріп, ығырың шығады. Бірақ қазіргі мамандардың ерекшелігі – әр күні әр түрлі тапсырма береді. Сонысымен де қызық. Өзіме ұнайды.
- 2025 жылы Астанадағы «Үлкен дулыға» бәсекесінде финалға дейін жетіп едіңіз. Биыл да сізге артылып жатқан жауапкершілік мол шығар?
- Өз елімізде өткен соң, әрине жеңістің ең биік тұғырында болуға әрекеттеніп жатырмыз. Күш-жігерімізді жинап, алтын жүлде алу керек. Дайындығымыз жақсы. Жақында ғана Жапонияға арнайы барып, екі аптадай шеберлігімізді шыңдадық.
- Азия ойындарының басталуына да аз уақыт қалды ғой. Кімнің баратыны қалай анықталады?
- Астанадағы «Үлкен дулыға» бәсекесі де іріктеу кезеңдерінің бірі саналады. Бапкерлер штабы күзге дейінгі нәтижелерді қарай отырып, ортақ шешім қабылдайды.
- Енді сіз Елдос Сметовтің жақын досысыз ғой. Оның қашан оралатындығынан хабардарсыз ба?
- Елдос ота жасатқаннан кейін тыңғылықты дайындыққа кірісті. Жарақаты аса қатты ауыр емес. 10-15 күндей тынығу қажет болды. Жаз мезгілінің соңына қарай жарыстардан көруіміз ықтимал.
Еске сала кетейік, үстел теннисінен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады.