Елордада «Жасыл Астана: біздің таңдауымыз» фестивалі өтті

Елордада «Жасыл Астана: біздің таңдауымыз» фестивалі өтті
Фото: Сұлтан Сейіт

Елордадағы №113 жалпы орта білім беретін мектепте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылған жұмыстарды қорытындылауға арналған «Жасыл Астана: біздің таңдауымыз» фестивалі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» КММ ұйымдастырды. 

Фестивальге мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының әдіскерлері, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, экология фракциясының мүшелері, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

Фестивальдің негізгі мақсаты — өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдыларын дамыту, құқықтық сауаттылықты арттыру және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу.

«11 сәуір мен 11 мамыр аралығында «Таза Қазақстан» нарративі аясында біз өте қарқынды жұмыс істедік. Біздің мақсатымыз — балабақша тәрбиеленушілерінен бастап студенттерге дейін экологиялық сананы арттырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыру болды. Алты аптаға созылған жұмыс жоспарымыз толықтай орындалды деп айтуға болады. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері өздеріне бөлінген тақырыптар аясында жұмыс істеді. Мысалы, құстарға ұя жасау, ағаш отырғызу және сенбіліктер өтті. Бұған тек балалар ғана емес, ата-аналар да атсалысты. Сондай-ақ басқа да креативті форматтар арқылы оқушылар экологиялық құқық бұзушылықтың зардабын терең түсінді.

Бүгінгі экофестиваль — біздің қорытынды іс-шарамыз. Фестиваль аясында шығармашылық көрмелер, байқаулар мен флешмобтар ұйымдастырылды. Ең бастысы, осы айда белсенділік танытқан еріктілер мен білім беру ұйымдарын марапаттап жатырмыз. Біз тек ауланы тазалап қана қоймай, әр адамның қоғамдық тазалыққа деген жауапкершілігін нығайта алдық деп ойлаймыз», - деді Астана қаласы Білім басқармасына қарасты Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Айнұр Әмірханова.

Іс-шара аясында экологиялық бастамалар көрмесі, шығармашылық жұмыстар таныстырылымы, экологиялық жобалар презентациясы, интерактивті алаңдар мен тәжірибе алмасу кездесулері ұйымдастырылды. Қатысушылар табиғатты қорғау бағытындағы үздік тәжірибелерімен бөлісіп, қоршаған ортаны сақтауға бағытталған жаңа идеяларды ұсынды.

Айта кетейік, ұйымдастырушылардың мәліметінше, жоспарлы өткізілген экологиялық іс-шараларға қала бойынша 300-дей білім беру ұйымы жұмылдырылды. Нәтижесінде 200 мыңнан астам балабақша бүлдіршіндері, мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің, сондай-ақ 50 мың ата-ананың басын қосқан 7-ден астам ірі жоба жүзеге асты.