Елордада өткен тойда отшашу атқан азамат жауапқа тартылды
Елордада отбасылық мерекені ерекше әсерлі өткізбек болған 21 жастағы қала тұрғыны әкімшілік жауаптылыққа тартылды деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға қаладағы мейрамхананың бірінде өткен үйлену тойынан кейін болған. Мейрамхана аумағында отшашу іске қосылып, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарының тыныштығы бұзылған. Түнгі уақытта қатты шуға алаңдаған азаматтар полицияға шағымданған.
Полиция тексеру барысында құқық бұзушының кім екенін анықтады. Ол мереке қонақтарының бірі болып шыққан.
Ол елдімекенде пиротехникалық бұйымды пайдалану және түнгі тыныштықты бұзу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жиналған материалдар заң талаптарына сәйкес шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға пиротехникалық бұйымды қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын бұзатын орындарда қолдануға заңмен тыйым салынғанын еске салады.
Сонымен қатар түнгі уақытта тыныштықты бұзу әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады. Сондықтан тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, айналасындағылардың тынығу құқығына құрметпен қарауға және кешке, түнде пиротехникалық бұйымдарды, сондай-ақ қатты шу шығаратын өзге де құралды пайдаланудан бас тартуы тиіс.
Еске салсақ, Астанада топырақты заңсыз қазып алғандар дронның көмегімен анықталды.