Бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру үшін кітап оқудың айрықша маңызы бар - Жанат Аймұхамбетова

18 мамыр, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру үшін кітап оқудың айрықша маңызы бар - Жанат Аймұхамбетова
Фото: Facebook/Жанат Аскербек

Ғылым докторы, профессор Жанат Аймұхамбетова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қолдау білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы – Мемлекеттің нығая түсуі мен ізгілікті келбетін қалыптастырудағы маңызды қадам.

Адамзат тарихына көз жүгіртсек, рух кемелдігі -  ізгілікті қоғамның кепілі болса, білім нәрімен сусындау, кітап оқу – рухани кемелденудің басты негізі. Мемлекетіміздің мәңгіліктігі мен беріктігі кітап оқумен тікелей байланысты. Кітап – қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайтудың, білім берудің негізгі тетігі. Ұлт зердесінің қалыптасуы мен рухани мәдениеттің биік деңгейде болуы, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру үшін кітап оқудың айрықша маңызы бар екені дәлелдеуді қажет етпейді.

Жарлықта осы өзекті мәселелерді ескере отырып, мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде айқындалған жаңа форматты кітапханаларды жабдықтау, кітап басу және таратумен айналысатын баспа мен баспаханалардың қызметтерін ынталандыру,  шығармашыл тұлғалар санатындағы ақындар мен жазушылардың жоғары эстетикалық  талапқа сай туындылардан түзілген кітаптарына қолдау көрсету, осы негізде ұлттық құнды мұрамызды насихаттау жұмыстары – бүгінгі жаһандану дәуірінде жүзеге асуы тиіс аса қажетті жұмыстар.

Кітап оқиық! Жақсы кітап - жан азығы!», - деп жазды Жанат Әскербекқызы.