Астанада өткен ИКАО авиациялық қауіпсіздік апталығы (ICAO Security Week 2026) аясында әйелдердің саладағы рөлі, кәсіби мүмкіндіктері және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі адам факторы талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Көзқарас күші: әйелдер, адам факторы және авиациялық қауіпсіздіктің болашағы» тақырыбындағы панельдік пікірталасқа Қазақстан, Италия, Венгрия, Біріккен Араб Әмірліктері және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) өкілдері қатысты.

Жиында заманауи технологиялар мен қауіпсіздік стандарттарының маңызымен қатар, мамандардың кәсібилігі, қырағылығы және қауіп-қатерге дер кезінде әрекет ету қабілеті авиациялық қауіпсіздіктің негізгі шарттарының бірі екені аталып өтті.
ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева кәсіби дамуда үздіксіз білім алу мен тәлімгерліктің маңызына тоқталды.
«Командамен білім мен тәжірибе бөлісу, тәлімгер болу, кәсіби өсуге жағдай жасау және адамдарды үздіксіз білім алуға ынталандыру маңызды. Менің еңбек жолым мансапты ең төменгі лауазымнан бастап, үлкен жетістіктерге жетуге болатынын көрсетеді. Ең бастысы – үнемі білім алуды жалғастыру, өзіңе жоғары талап қою, кәсіби адалдықты сақтау және жауапкершілікті өз мойныңа алуға дайын болу», – деді Салтанат Томпиева.

Венгрия Азаматтық авиация басқармасының өкілі Ванда Папп цифрландыру мен киберқауіпсіздік бағыттарының дамуы жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын айтты.
«Жұмысқа қабылдау кезінде көбіне кәсіби тәжірибе талап етіледі. Алайда цифрландыру мен киберқауіпсіздік сияқты қарқынды дамып келе жатқан бағыттарда нақты дағдылар, білім және жаңа технологияларға тез бейімделу қабілеті барған сайын маңызды бола түсуде. Дәл осы бағыттарда жастар үшін көптеген мүмкіндік бар», – деді ол.

Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілі Вафа Абдулла Әл-Обайдли елінде жүзеге асырылып жатқан үш жылдық «Авиация индустриясының болашақ мамандары» бағдарламасы туралы баяндады. Бағдарлама жас мамандардың кәсіби даярлығын арттырумен қатар, олардың дербес шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған.
ИКАО Аэронавигация бюросының директоры Мишель Меркл әйел мамандардың тәжірибе алмасуы мен мансаптық өсуіне қолайлы орта қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұйымда әйелдердің кәсіби дамуына қолдау көрсететін бейресми қауымдастық жұмыс істейді.

Пікірталасқа Италия Азаматтық авиация басқармасының өкілі Каролина Бронзоне де қатысты. Сессияны ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік және рәсімдерді жеңілдету жөніндегі директордың орынбасары Соня Хифди жүргізді.
Жиын қорытындысында қатысушылар авиациялық қауіпсіздікті нығайту үшін технологиялық шешімдермен қатар, мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіру, тәжірибе алмасу және әйелдердің мансаптық мүмкіндіктерін кеңейту маңызды екенін атап өтті.

Бұған дейін Астанада ИКАО-ның 2026 жылғы авиациялық қауіпсіздік апталығы ашылғаны хабарланған еді.