Референдум-2026

«Артем» маңы өзгерді: Астанада жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды

Бүгін, 10:05
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Артем» маңы өзгерді: Астанада жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада қалалық ортаны абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Әкімдіктің мәліметінше, биыл елордада 173 қоғамдық және аула кеңістігін жаңарту жоспарланған.

Қала тұрғындарына жақсы таныс базар мен «Астаналық» («Артем») сауда үйінің маңында да елеулі өзгерістер болды. Бұл – елорда тұрғындары көп жиналатын орындардың бірі. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндағы аумақ мүлде басқаша көрінетін: ескі бір қабатты құрылыстар, жасыл желек аз және тұрғындарға жайлы демалыс орны іс жүзінде болмаған. 

Бүгінде ескі құрылыстардың орнына жайлы қоғамдық кеңістік ашылды. Құрылыс нысандары бұзылғаннан кейін аумағы көгалдандырылды. Мұнда ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен демалыс орындары абаттандырылды.

«Бүгінде «Астаналық» («Артем») маңындағы аумақ сауда нысандары мен көшелер арасындағы бос кеңістік қана емес, көгалдандырылып, тұрғындарға жайлы жағдай жасалған абаттандырылған қоғамдық орынға айналды. Мұндай жобалар елорданың келбетін біртіндеп өзгертіп, бұрын пайдаланылмаған немесе тұрғындар үшін қолайсыз болған аумақтарды қайта жандандырып келеді», - делінген хабарламада.

Абаттандыру жұмыстары барысында көгалдандыруға, жаяу жүргіншілерге қолайлы бағыттар қалыптастыруға және тұрғындардың қала ішінде жайлы уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін орындар құруға ерекше мән беріледі.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың қалалық инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырған болатын. Абаттандыру жұмыстары елорданың барлық алты ауданында жүргізілуде. Соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.

Еске салсақ, ҚТЖ басқарма төрағасы Астана-1 вокзалының құрылыс барысымен танысты.