Аягөзде жылдамдық камерасының қатесінен 172 адамға айыппұл салынған
Абай облысында жол қозғалысы ережесін бұзуды тіркейтін камералардың жұмысында заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратурға слітеме жасап.
Аягөз қаласындағы көшенің бірінде көлік қозғалысына рұқсат етілген жылдамдық сағатына 60 км болғанына қарамастан, автоматты тіркеу кешенінің баптауында шекті жылдамдық 40 км/сағ ретінде қате белгіленгені анықталды. Осының салдарынан 172 азамат әкімшілік жауапқа заңсыз тартылған.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңсыз шығарылған қаулылардың барлығының күші жойылды. Қазіргі таңда көлік иелері төлеген 800 мың теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қаражатты қайтару жұмысы әлі аяқталмады.
Абай облысының прокуратурасы азаматтарға әкімшілік жауапқа заңсыз тарту фактісі анықталған жағдайда, өз құқығын қалпына келтіру үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе прокуратураға жүгінуге құқылы екенін хабарлады.
Еске салсақ, Жамбыл облысындағы ірі цемент зауытының – сингапурлық инвестордың құқығы қорғалды.