Норвегияда қазақстандық жауынгерге арналған мемориал ашылды

9 мамыр, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Норвегияда қазақстандық жауынгерге арналған мемориал ашылды
фото: Сыртқы істер министрлігі

Солтүстік Норвегияның Лофотен аралдарындағы Вествогёй коммунасында 1945 жылы наурызда Остад ауылындағы нацистік лагерьден қашу әрекеті кезінде қаза тапқан үш кеңес сарбаздарының құрметіне мемориалдың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Оның ішінде Қостанай облысының тумасы Иван Поворознюктың да есімі жазылған.

Мемориал Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігінің және жергілікті тұрғын Пер-Коре Холдал басқарған топтың қатысуымен салынды.

Мемориалдың ашылу салтанатына жергілікті билік басшылығы, қоғам өкілдер, Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Әділ Тұрсынов, сондай-ақ қаза тапқан қазақстандық жауынгердің туысы – Лариса Кушнарёва қатысты.

фото: Сыртқы істер министрлігі

Бұл оқиға екі ел халықтарының арасындағы достықтың тағы бір дәлелі болды.

Иван Поворознюк 1921 жылы Қостанай облысы Введенский ауданы Алешинка ауылында дүниеге келген. Ол 1941 жылы сәуірде әскерге шақырылды және 1942 жылдың наурызынан бері хабарсыз кетті. Тек бірнеше онжылдықтардан кейін ғана норвегиялық зерттеушілер мен Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігінің күш-жігерінің арқасында оның тағдыры мен қаза тапқан жері анықталды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оккупацияланған Норвегиядағы концлагерьлерде 15 мыңнан астам кеңестік әскери тұтқындар қаза тапты. Соңғы жылдары Қазақстан Елшілігі 1941-1945 жылдары Норвегияда жерленген 74 қазақстандық жауынгердің есімін анықтады.