Астаналық жас өнерпаздар Түркиядағы халықаралық фестивальде өнер көрсетті

Бүгін, 14:14
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық жас өнерпаздар Түркиядағы халықаралық фестивальде өнер көрсетті
Фото: Қорғаныс министрлігінен

«Жас сарбаз» балалар студиясының бишілері Ыстанбұлда өткен халықаралық балалар фестивалінде өнер көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Өнерпаздар байқауы Түркияның ең маңызды мемлекеттік мерекелерінің бірі – ұлттық егемендік пен балалар күніне орайластырылды.

Студия тәрбиеленушілерінің фестивальге дайындығын ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының педагог-хореографы, 3-сыныпты сержант Альмира Асылбекова басқарды.

– «Жас сарбаз» студиясының бишілер мен домбырашылардан тұратын 20 тәрбиеленушісі осындай керемет фестивальге қатысу мүмкіндігін алды. Түрік көрермені бізді өте жылы қабылдады. Қорғаныс министрлігінің басшылығына және балалардың шығармашылық дамуына ықпал еткен ата-аналарға рақмет, – деді А.Асылбекова.

Түрік сахнасында домбырашылар ұжымы «Сарыарқа», «Адай», «Ата Тұран», «Балбырауын» күйлерін, ал бишілер «Ақ сауыт», «Домбыра», «Дәстүр», «Ат шабыс», «Қылықты қыздар» және «Самғау» композицияларын орындады.

Альмира Асылбекова атап өткендей, «Жас сарбаз» би тобы өткен жылғы Дельфий ойындарының жеңімпазы және үздік балалар ұжымы ретінде халықаралық фестивальге қатысу үшін таңдап алынған болатын. Сондай-ақ, фестивальге Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова қазақстандық делегация атынан қатысты.