Жеңіс Қасымбек құрылыс компанияларына қойылатын талаптарды айтты


Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында құрылыс компанияларына қойылатын талаптар туралы жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елорда қарқынды түрде дамып, халық саны артып келеді. Бұл процесте құрылыс маңызды рөл атқарады. Қаладағы құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесуде өзекті мәселелер мен бірлескен жұмыстың басымдықтарын талқыланды. Жиынға сондай-ақ қалалық прокуратураның, полиция мен мемлекеттік органдардың және т.б. өкілдері қатысты.
«Қаланың дамуында маңызды аспекті – құрылыс компанияларының тұрғын үйлерді сапалы әрі заңды түрде салуы. Дегенмен, оны бәрі бірдей ұстана бермейді. Мәселен, өткен жылы 431 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 600-ге жуық заң бұзылғаны анықталды. Алты компания құрылыс лицензиясынан айырылды, сол сияқты заң мен құрылыс нормаларын бұзғаны үшін 180-нен астам талап-арыз сотқа жолданды. Жерге қатысты тиісті құжат алмай құрылысы басталған төрт нысан сот шешімімен бұзылды. Аталған жұмыстың барлығы биыл да жалғасып жатыр.
Құрылыс компаниялары қолданыстағы заңнаманың нормаларын қатаң сақтауы тиіс. Құрылыс-монтаждау жұмысы тек құрылыс нормалары мен стандарттарына сәйкес жүргізілуі қажет. Сондай-ақ, құрылыс жүргізу және монтаждау барысында орындалатын жұмыстардың арнайы бекітілген жобалық құжаттама мен стандарттарға сәйкестігін үнемі тексеріп отыру қажет. Жауапты тұлғалар орындалатын операциялардың қауіпсіздік талаптарына толықтай сәйкестігін қадағалай отырып, материалдардың сапасы мен технологияларға сәйкестігін бақылауы керек.
Энергияның тиімділігіне, сондай-ақ экологиялық тазалыққа, оның ішінде құрылыс қоқыстарын шығаруға қатысты стандарттарды сақтауға ерекше назар аудару қажет. Қоқысты арнайы жабдықталған полигонға шығару керек. Оны рұқсат етілмеген орындарға төгіп, сол арқылы қоршаған орта мен елорданың келбетіне зиян келтіруге болмайды.
Заң бұзу оқиғалары анықталған жағдайда құрылыс компаниялары жауапкершілікке тартылады, оның ішінде айыппұл салу, қызметін тоқтату және заңсыз салынған нысандарды бұзу мәселелері қарастырылған», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.



