Ганс Цольман: Қымыз Германияда өте үлкен сұранысқа ие


Қазақ халқының ұлттық сусындарының бірі - қымызды Германияда адамдар көбіне емдік мақсатта қолданады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан BaiQymyz фестивалінде қымызды шетелде насихаттап жүрген Ганс Цольман айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол – Германиядағы ең ірі қымыз өндіруші. Қазіргі кезде ол сол жақтағы «Хоэр Оденвальд» жылқы шаруашылығын басқарады.
«Бұл шаруашылық 1959 жылы ашылған. Сол уақыттан бастап Германия халқы қымызды жақсы біледі. Ал шаруашылықты менің қайың атам бастаған. Ол кісі Кеңес дәуірі тұсында Қазақстанда түрмеде жатқанда туберкулез ауруына шалдығады. Содан оны түрмеден шығарып тастаған соң, қазақ досы қымызбен емдейді. Осылайша ажалдан аман қалады. Дертінен айыққан соң, атамыз Германияға барып, қымыз өндірумен шұғылданады», - деді спикер.
Бүгінде Цольман шаруа қожалығының 66 жылдық тарихы бар.
«Қымыз Германияда өте үлкен сұранысқа ие. Мұндағы жергілікті халық денсаулыққа пайдалы сусын ретінде іздеп сатып алады. Біз қазақи қымыздан ерекшеленетін түрін өндіреміз. Өйткені еуропалықтар қымызда майдың құрамы аз болуын қалайды. Ал дәмі әдеттегідей қышқыл болып келеді», - деді қымыз өндіруші.
Оның айтуынша, Германияда қымыздың бағасы – қолжетімді.
«Қымыз немістер үшін күндізгі тамаққа жатпайды. Мұнда адамдар көбіне қымызды емдік мақсатта қолданады. Біз айына 2-3 мың литр қымыз өндіреміз. Ал бір литр қымыздың бағасы 15 еуро тұрады», - деді Ганс Цольман.
Оның айтуынша, Германиядағы қазақтар да фермаға барып, қымыз сатып алып тұрады.
«Біздің шаруа қожалығымызда шамамен 10 қызметкер және менің жанұямның адамдары жұмыс істейді. Қазақстаннан көшіп кеткен немесе жұмыс істеп жатқан қазақтар қымызды рахаттанып ішеді. Немістер де қымыздың дәмін ұнатады. Біз отбасымызбен кез келген тапсырыс берушіге қымыз қазақ халқының киелі әрі шипалы сусыны, оның отаны Қазақстан екенін айтып жүреміз. Жалпы қымызды сатумен қоса, насихат жұмыстарын да жүргіземіз», - деді 76 жастағы Ганс Цольман.