00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

«Таза Қазақстан»: Астаналық оқушылар қоқыс жинап жарысты

21 маусым, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
«Таза Қазақстан»: Астаналық оқушылар қоқыс жинап жарысты
Фото: дереккөз

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акция аясында Астананың орталық саябағында «Plogging және спорттық бағдарлау» жарысы өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Акцияның ерекшелігі – жас спортшылар жарыс барысында жол бойындағы қоқысты жинады. Әр команда 4 қатысушыдан тұрды: 10-14 жас аралығындағы 2 ұл және 2 қыз. Қатысушылардың бәрі қоқыс дорбалары мен қолғаптармен жабдықталған.

«Спорттық бағдарлаудың мәні – карта мен компастың көмегімен жергілікті жерде орналасқан бақылау пункттерін, олардың 8-ін табу керек және мәреге мүмкіндігінше тез жету қажет, ал жол бойында қатысушылар қоқыс жинауы тиіс. Мәре сызығында жиналған қоқыс өлшенеді. Яғни, спортшылардың мәреге жету жылдамдығы да, жиналған қоқыстың салмағы да ескерілді», - деді қалалық спорттық бағдарлау федерациясының өкілі Әсел Баяхметова.

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар денсаулықты жақсартуға ықпал ететініне және сонымен бірге қоршаған ортаны тазартуға үлкен үлес қосатынына сенімді.

«Іс-шара оқушылар арасында экологиялық белсенділікті дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру, плогингті кеңінен насихаттау мақсатында өткізіледі. Яғни, бұл жүгіру кезінде, мысалы, саябақта немесе жағалау бойындағы қоқысты жинауды білдіреді. Плогингтің артықшылықтарының бірі – жұрт назарын планетаның ластануына аударады», - деді Балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығы директорының міндетін атқарушы Асылан Кенжеғалиев.

Өскелең ұрпақты қоршаған ортаға байыппен қарауға үйрететін және қарапайым экологиялық әдеттерді бойына сіңіретін акция Астананың спорттық бағдарлау федерациясымен, Балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығымен бірлесіп, Астана қаласының Білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Жарысқа елордалық мектептерден барлығы 31 команда қатысты.

1-орынды К.Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназиясының командасы иеленді.

2-орын – А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының қатысушыларына бұйырса, 3-орынды бірден төрт команда иеленді: №53 мектеп-лицейі, Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейі, А.Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицей, №21 орта мектеп.

Жеңімпаздар дипломдармен, ал қатысушылар сертификаттармен марапатталды.

Құралай Мұратова