Тұрғын үй инспекциясы астаналықтарға үндеу жасады

18 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тұрғын үй инспекциясы астаналықтарға үндеу жасады
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астананың тұрғын үй инспекциясы қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындарына үндеу жасап, аулаларын тазалауға шақырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Мәлік департамент инспекторларымен бірге қаладағы көпқабатты үйлерді аралап, қызмет көрсететін ұйымдарға аумақтарды, аулаларды және шатырларды қар мен мұздан тазалау, санитарлық тазалау, сондай-ақ базаларды дератизациялау, жалпы аумақтарды дезинфекциялау, өзге де аумақтарды тазарту бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Еркебұлан Мәліктің айтуынша, кондоминиум нысандарының тиісті санитарлық жағдайын қамтамасыз ету маңызды. Енді шатырда жатқан қар мен мұзды тазалауға, сондай-ақ қоқыстарды жүйелі түрде шығаруға баса назар аудару керек.

«Ең бастысы, қоқыс пен қар дер кезінде шығарылып, жер мұз болып жатпауы керек. Өйткені, бұл үйлерде көптеген қарттар мен балалар тұрады. Үйді таза ұстау және дер кезінде дезинфекциялау қажет. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі керек», - деді басқарма басшысы.

Елордалық тұрғын үй кешенінің сервистік ұйымының қызметкері аумақты тазарту бойынша көктемгі барлық қажетті жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Біз көктемгі дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, аумақты қардан, ғимараттар мен шатырларды мұздан тазартып жатырмыз. Мұның бәрі жасалды. Дезинфекция да тоқсан сайын жүргізіледі», - деді ол.