Шағын және орта бизнес елорда экономикасының 70%-ын құрайды

30 желтоқсан, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Шағын және орта бизнес елорда экономикасының 70%-ын құрайды
Фото: Elordainfo.kz/Дильназ Бауыржанқызы

Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық негізгі драйвері шағын және орта бизнес болып табылады. Ол елорда экономикасының 72,1%-ын құрайды. Ал бұл -  республика бойынша ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек жуырда Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» брифингте айтқан еді.

Оның айтуынша, елордада әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалып отыр.

«Қала экономикасы өсуде. Жалпы өңірлік өнім бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 7%-ды құрады, бұл 5,4 трлн теңгені құрайды.

Ағымдағы жылы жалпы өңірлік өнім құрылымында өндіріс секторының үлесі былтырғы 13,9%-дан 15,7%-ға дейін өсті. Бұған өнеркәсіп және құрылыс салаларының белсенді дамуының арқасында қол жетіп отыр.

Негізгі драйвер шағын және орта бизнес болып табылады, ол елорда экономикасының 72,1%-ын құрайды. Бұл - республика бойынша ең жоғары көрсеткіш, елдегі орташа көрсеткіш - 38,2%», - деді Ж.Қасымбек.

Астана қаласы әкімінің айтуынша, елордада жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7,3%-ға өсіп, 247 мыңнан асты.

«Елорданың жеке табысы алғаш рет 1 трлн теңгеден асқан. Бұл барлық негізгі санаттар бойынша салық түсімдерінің өсуіне байланысты мүмкін болды.

Инвестиция көлемі 1,6 трлн теңгеден асып, 20,4%-ға ұлғайды. Бұл соманың 70%-дан астамы - жеке инвестициялар», - деді ол.

Ал жыл басынан бері елорданың құрылыс секторының қарқыны 870 млрд теңгеден асты.

11 айдың ішінде 3,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға көп. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 4 млн шаршы метр тұрғын үй белгісінен асады деп жоспарланған.