RoboZerde-2025: Астанада Әлихан Мақсұт атындағы I халықаралық робототехника фестивалі өтіп жатыр

RoboZerde-2025: Астанада Әлихан Мақсұт атындағы I халықаралық робототехника фестивалі өтіп жатыр
Фото: ЕҰУ

Елорданың Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Әлихан Мақсұт атындағы RoboZerde-2025 I халықаралық робототехника фестивалінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Elordaindo.kz.

Фестиваль өмірден ерте озған дарынды оқушы, физика, робототехника салалары бойынша республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жас ақын Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың ғибратты ғұмырын мектеп оқушыларына үлгі ету және елімізге қажетті болашақ техник мамандарды дайындауға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.



Фестивалдің ашылу салтанында ЕҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай мен «Астана дарыны» талантты жастар мен дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының директоры Жанар Бейсенбаева сөз сөйлеп, жаңа технологиялардың маңыздылығына тоқталып өтті.

«Бұл фестиваль осымен үшінші жыл қатарынан менің ұлым Әлихан Мақсұттың құрметіне өткізіліп отыр. Алғаш рет қалалық деңгейде өткізілді. Былтыр республика бойынша өткіздік. Биыл фестиваліміз кеңейтіліп, алғаш рет халықаралық деңгейде өтіп отыр. Бұл фестиваль жас өнертапқыштарға өздерінің жобаларын көрсетуге және әрі қарай дамуға мүмкіндік береді. Президентіміз әрқашан инновациялық жобаларды қолдау қажет екенін айтады.
Мұндай ортада қазақ балалары аз.  Ал осындай іс-шаралар өңірлердегі тапқыр балалардың да қабілетін көрсетуге мүмкіндік сыйлайды. Келешекте осы саланы меңгерген қазақ балалары көп болса деймін», - деді Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы, белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы.
 

Сонымен қатар салтанатты жиында белгілі кинорежиссер Мұрат Есжан түсірген «Әлиханның арманы» деректі фильмі көрсетілді.
 

«Әлихан туралы фильмді көріп, жүрегім толқып тұр. Әлихан 7-сыныптан бастап менің қолымда болған шәкіртім еді. Қарап отырсам, Әлихан 16 жыл өмір сүрсе де, көп еңбек жасап кеткен сияқты. Оның оқуға деген ынтасы ерекше болды. Халықаралық және республикалық олимпиадаларға қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болды. Ол өзінің атынан өшпес із қалдырып кетті. Өзінің кішкентай еңбегі арқылы қазіргі жастардың алға ұмтылып, биік жетістіктерге жетуіне септігін тигізіп отыр. Сондықтан бүгінгі фестивальге қатысып отырғандарға сәттілік тілеймін. Сіздер арқылы Әлиханның аты өшпейді деп ойлаймын», - деді Әлихан Мақсұттың ұстазы, физика пәнінің мұғалімі Валя Қайсекова.

Робототехника фестиваліне еліміздің 17 облысы мен үш қаласынан және Қырғызстан мен Өзбекстаннан шақырылған екі жүзден аса мектеп оқушысы қатысып отыр. Олар Micro – FPV, «Дрон футболы», «Басқару симуляторы«, «Мерген», «Инверсті сызық бойымен жарыс», My Extra Case Competition санаттары бойынша жарысқа түседі.



Айта кетейік, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры, Астана қаласы Білім басқармасы, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, №9 «Зерде» мамандандырылған лицейі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Astana IT University, Астана қаласының «Роботек» білім беру робототехника мектебі, KAZ ROCKETS қоғамдық коры, My Extra Lab ЖШС бірлесіп ұйымдастырған фестиваль жыл сайын мамыр айында өтеді.