00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ұландықтар әлеуметтік қызметкерлерді құттықтады

Ұландықтар әлеуметтік қызметкерлерді құттықтады
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Елордада ІІМ Ұлттық ұланы Ән-би ансамблінің солистері Астана қаласы әкімдігінің «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өнер көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

200-ге жуық қызметкер жұмыс істейтін бұл орталық психоневрологиялық патологиясы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға 600-ден астам арнаулы әлеуметтік қызмет түрін көрсетеді.

Орталықтың міндеті —көлемі бойынша сапалы әлеуметтік қызметтер көрсету, жұмыс тәжірибесіне әлеуметтік жұмыстың жаңа түрлерін, нысандары мен әдістерін енгізу, үйде және жартылай стационарда қызмет көрсету жағдайында инновациялық технологияларды қолдану. Мұндағы қызметтер мүгедек балаға да, баланы тәрбиелеп отырған бүкіл отбасына да кешенді әсер ететін мультикомандалық сипатқа ие. Орталыққа күніне оңалту қызметтерін алу үшін келетін балалар саны 60-қа дейін жетеді. Орталықтың басты миссиясы — әрқашан адамдардың игілігі мен пайдасы үшін жұмыс жасау.

Іс-шара құқықтық тәртіп әскерлері музыканттарының ән шашуымен басталды. Содан кейін тұсаукесер рәсімі орындалды.

«Ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсетіп, қолдап жүрген орталық мамандарының еңбегі үшін алғыс айтамын. «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына келген әрбір бала сауығып кетсін деймін. Бүгін міне мамандар ұлымның тұсауын кесуге атсалысып жатыр. Орталық ұжымының арқасында менің балам ақырындап жүре бастады. Бұл әуелі Жаратушының кереметі және осы жерден алып жатқан курстың көмегі деп есептеймін. Ем-дом шараларының маманы Нұрдәулет Тоқмырзаға алғысым шексіз», - дейді орталықта ем алушы балақайдың әкесі Ералы.

Рәсімнен кейін ҚР Ұлттық ұланы Ән-би ансамблінің солистері Бауыржан Тұрғымбаев, Мұрат Хайролда, Асхат Әмірғалиев, Тұрсынай Шалқымбаева және Дихан Ильяшев концерттік бағдарламаны әрі қарай жалғастырды.

Мерекелік іс-шара соңында ұйымдастырушылар Ұлттық ұландықтарға тұрақты ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, әскери өнерпаздарға орталық ұжымы атынан алғыс хаттар табыстады.

Айта кетейік, Қазақстанда қазанның соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні атап өтіледі. Бүгінгі таңда елімізде бұл салада 35 мыңнан астам адам еңбек етеді.