00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Криптовалюта арқылы табысқа кенелмек болған әйел 6 млн теңгесінен айырылды

Бүгін, 18:04
Ғани Атымтай Ғани Атымтай
Криптовалюта арқылы табысқа кенелмек болған әйел 6 млн теңгесінен айырылды
Фото: polisia.kz

Ақмола облысында алаяқ криптовалюта арқылы пайда табуға болатынын айтып, әйелдің 6 миллион теңгесін қағып алған, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақмола облысында өзін инвестициялық компанияның сарапшысы ретінде таныстырған алаяқ Степногор тұрғынынан шамамен 6 млн теңге көлемінде ақша бопсалап алды. Әйел адам криптовалютаға салым жасаудан пайда көремін деп сеніп, барлық жиғанынан айырылды.

2024 жылдың 9 желтоқсанында Степногор тұрғыны Instagram желісінде электрондық биржада инвестиция жасау туралы жарнаманы көріп, қызығушылық танытады. Жеңіл табысқа кенелу ниетімен әйел байланыс мәліметтерін көрсетілген өтінішке қалдырады.

"Сол күні WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз біреу оған хабарласады. Өзін "басқарушы талдаушы" ретінде таныстырған ер адам 40 минутқа созылған бейнеқоңырау барысында криптовалютамен сауда жасаудың "сенімділігі" мен "тиімділігі" туралы егжей-тегжейлі түсіндіреді. Алайда бейнеқоңырау кезінде ер адамның бейнесі көрсетілмеген, тек қара экран болған. Келесі күндері алаяқ әйелмен тұрақты байланыста болып, оны біртіндеп несие рәсімдеуге және қаражат аударуға көндіреді. Әйел оның айтқандарын бұлжытпай орындап, бірнеше несиені рәсімдеп, қолындағы жинақтарын түгелдей белгісіз адамның шотына аударады. Осыдан кейін алаяқ барлық байланысын үзіп, ізін суытады", - деп хабарлады полициядан.

Зардап шегуші бұған дейін осындай алаяқтық схемалар туралы естігенін, бірақ бұл жолы өзін гипнозға түскендей сезінгенін айтты.

Қазіргі уақытта оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Полиция қызметкерлері алаяқтың жеке басын анықтап, оны қолға түсіру мақсатында іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр", - делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін полицейлер алаяқтықтың жаңа түрі шыққанын ескерткен болатын.