«Әке балаға сезімін айтып үйренуі керек»: психолог кеңесі

15 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Әке балаға сезімін айтып үйренуі керек»: психолог кеңесі
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әкенің бейнесі бала санасында қалай қалыптасады? Ол тек отбасының асыраушысы ма, әлде өмірлік тірек пе? Осы сауал төңірегінде психолог Дулат Төребеков қазіргі қоғамдағы әкенің рөлі туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Психолог Дулат Төребековтің айтуынша, әке отбасы мүшесі ғана емес, бұл – өмір бойы жалғасатын рухани жауапкершілік.

«Әке – тек балаға нан әкелуші емес, ол – сенім сыйлайтын тірек, өмірге бағыт беретін темірқазық», - дейді ол.

Психолог сондай-ақ «тәрбие – тек ананың міндеті» деген түсініктің қате екенін айтты.

«Соңғы жылдары әкелер бала тәрбиесіне көбірек араласып жүр. Бұл қуантарлық жағдай. Бірақ бұл үрдіс әлі де қоғамда қалыптасқан стереотиптермен күресіп келеді. Көп жағдайда әкелер тек материалдық қамқорлықпен шектеліп жатады. Тәрбие ананың мойнында деген түсінік әлі де күшті. Бұл көзқарасты өзгерту үшін ашық әңгіме, үлгі боларлық әрекет және қоғамдық қолдау қажет», - дейді психолог.

Сондай-ақ маманның пікірінше, қазақ қоғамындағы әкенің қатал, сұсты бейнесі балалардың травмамен өсуіне себеп болып жатыр.

«Көптеген бала үшін әке – жұмбақ кейіпкер. Ол көп сөйлемейді, сезімін білдірмейді. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бейсаналы модель. Ал, шын мәнінде, балаға әкенің мейірімі, жылы сөзі, назар аударуы ауадай қажет. Әкесі тек қаржы әкеліп беретін, бірақ бірде-бір мақтау айтпаған бала ертең өз эмоциясын танымайтын, оны білдіруден қорқатын ересекке айналады», - дейді Дулат Төребеков.

Ол қазақы түсініктегі қатал әке ұғымы мен әкеге бағынудың да шегі болуы керек екенін айтып отыр.

«Қазақ тәрбиесінде «әкеге бағыну» ұғымы терең сіңген. Алайда бүгінгі заманның баласы бағынуды емес, түсінуді қажет етеді. Қатаң тәртіп пен бұйрық арқылы емес, сенім мен серіктестік арқылы ғана балаға әсер етуге болады. Әкеге бағынған бала емес, әкесіне сенетін бала – ертеңгі саналы азамат», - дейді психолог.

Психолог сондай-ақ махаббатпен шекара қою туралы айтты.

«Көптеген ата-ана балаға шекара қою дегенді тыйыммен шатастырады. «Махаббатпен қойылған шекара» деген ұғымға назар аударуымыз керек. Балаға талап қою үшін алдымен оның пікірін тыңдау, сезіміне мән беру, ашық диалог құру қажет. Баланың пікірі маңызды екенін сезінуі – оның ішкі сенімінің алғашқы қадамы», – дейді ол.

Психологтың пікірінше, жақсы әке болу үшін алдымен өзіңмен жұмыс істеу керек.

«Бұл тек кітап оқу немесе курстан өту емес, ішкі дайындығы бар, жауапкершілікті терең сезінетін адамның жолы. Бала – айна. Оған қарап өзіңді танисың. Сондықтан әр әке өзін дамытуға, эмоциялық сауатын ашуға тырысуы керек», - дейді Дулат Төребеков.

Психолог жас әкелерге кеңес берді:

«Баламен бірге өзіңіз де өсіңіз. Қателіктен қорықпаңыз. Бала сізге идеал кейіпкер емес, сенетін дос ретінде қарағанын қалайды. Мейірім көрсетіңіз. Күліңіз. Тыңдаңыз. Бұл – нағыз әке болудың көрінісі».

Автор: Аяна Қабылбекова