Көктемге арналған көрме ашылды


Астана қаласының «SalSeri» арт-галереясында «Ауыл» партиясы және қала әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Көктемнің оянуы» атты сурет көрмесі ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Наурыз мерекесіне және «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған көрмеге Қазақстанның белгілі суретшілерінің жұмыстары қойылды.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев қатысып сөз сөйледі.
Сондай-ақ көрмеге туындылары қойылған Қазақстан Суретшілер Одағының және Қазақстан Дизайнерлер Одағының мүшесі, академик Бақытнұр Бурдесбеков, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Әділғали Баяндин, Қазақстан Суретшілер Одағының және Еуразиялық Дизайнерлер Одағының мүшесі, Ресей Суретшілер кәсіптік одағының (ПСХР) мүшесі, Ұлттық дизайн академиясының академигі, Мәдениет қайраткері Төлеуғазы Байғалиев, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Табын Қылышбай, Қазақстан Суретшілер Одағының және Еуразиялық Дизайнерлер Одағының мүшесі Ренат Елубай сияқты қылқалам шеберлері де қатысты.
«Наурыз мейрамына және Алғыс айту күні мен Халықаралық әйелдер күніне орай еліміздің танымал суретшілерінің туындыларынан арнайы көрме ұйымдастырып жатырмыз. Ал мұнда жұмыстары қойылған авторларымыздың туындылары көптеген халықаралық көрмелерде көрсетіліп, кейбірі АҚШ, Еуропа және басқа елдердің өнерсүйер қауымының жеке коллекцияларында сақталуда. Сондықтан өнер әлемге ортақ. Осы кісілердің туындылары арқылы әлем қазақтың тарихын, мәдениетін, тұрмысын, табиғатын және қазіргі Қазақстанды таниды. Әрі біз осы көрмені ұйымдастыру арқылы «Ауыл» партиясының еңбек адамдарына қашанда қолдаушы екендігін де білдіргіміз келді. Бүгінгі көрмеге қойылған туындылар жастардың патриотизм мен туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады және олардың моральдық құндылықтарын қалыптастыруда, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық сананы орнықтыруда маңызды рөл атқарады», – деді «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев.
Ал көрмеге қойылған әртүрлі стильдегі туындылар табиғат пен туған жер - ауылға деген сүйіспеншілікке, рухани жылулыққа толы. Еріген қар мен алғашқы жасыл желектің нәзік реңктерімен толтырылған көктемгі пейзаждардың сұлулығы адамзаттың, туған өлкенің, ауылдың, қазақ даласының, табиғаттың көктемгі оянуының ғажап әлемін бейнелеп ашып тұр.
Көрме 5 наурызға дейін жалғасады. Дүйсенбі-жұма күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
ШАПАҒАТ ӘБДІР



