JOLTAP шабыт пен қолдау сыйлайтын орта – жобаға қатысушы

Бүгін, 09:57
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
JOLTAP  шабыт пен қолдау сыйлайтын орта – жобаға қатысушы
Коллаж: Elordainfo.kz

Табысты арттыруға көмектесетін JOLTAP жобасы елордада жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қала көшелерінде «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктері орнатылған. Мұнда келушілерге арнайы мамандар жұмысқа орналасу, жұмысшы және цифрлық дағдыларды меңгеру, бизнес ашу және мемлекеттік қолдау шеңберінде көмек (тұрғын үй, әлеуметтік жәрдем, гранттар және т.б.) мүмкіндіктері жайлы айтып береді.

Астаналықтар JOLTAP жобасы аясында сатушы-кассир, бухгалтерлік есеп негіздері, тігінші, бариста, электр-газбен дәнекерлеуші, сәнгер-құрастырушы, корпустық жиһаз жасау негіздері, аяқкиімді жөндеу және кілт жасау,  Kaspi дүкенінде сауда жасау негіздері, автокөлік май және шинаны ауыстыру маманы, полимерлі ұнтақпен бояу маманы, Wildberries-те сауда жасау негіздері секілді  және т.б. мамандықтар  бойынша қысқамерзімді курстардан өтіп жатыр.

Курсқа 18 бен 50 жас аралығындағы елордалықтар тіркеліп, цифрлық және жұмысшы мамандықтарды тегін оқи алады.

Елордалық Азиза Баубекова Kaspi дүкенде сауда жасау негіздері бойынша білімін жетілдіріп, онлайн дүкен ашу, салық төлеу, жарты жылдық есептерді қалай тапсыру қажеттігін меңгерген.

«Бұл жоба жайлы Instagram желісінен оқыдым. Онда аз уақытта жаңа мамандықты тегін оқытатыны жайлы жазылған. Содан «Неге оқымасқа?» деген ой келді. Оларға қоңырау шалып, орналасқан мекенжайларын білдім. Келесі күні үйімнің қасына жақын тұрған модульдік пункте барып, маманнан ақпарат алып, Kaspi дүкенде сауда жасау негіздері бойынша курсқа тіркелдім. Курс барысында бізге оқытушылар осы тақырыпта барлық мәліметтерді қарапайым тілде түсіндірді. Сондай-ақ барлық сауалымызға жауап алдық. Оқу кезінде теория мен практиканы ұштастырдық», - деді жобаға қатысушы.

Азиза Баубекова – репетитор. Ол ағылшын тілінен қосымша сабақ береді.

«Негізгі жұмысымнан бөлек мен тігін тігумен айналысамын. Көбінесе қыз-келіншектерге арналған киім-кешектер, шоперлер және т.б. тігемін. Осы дүниелерді Kaspi дүкенде сатқым келеді. Сондықтан осы курсқа қатыстым», - деді ол.

Сондай-ақ ол курс жайлы пікірін айтты.

«Бұл – өте пайдалы әрі тегін жоба. Осындай жобаны ұйымдастырып отырған елорда әкімдігіне алғысым шексіз. Курстың арқасында жаңа орта таптым. Жаңа адамдармен таныстым. Біз бір-бірімізге мотивация бердік. Әдемі атмосферада тың идеяларды талқыладық. JOLTAP тек білім ғана емес, шабыт мен қолдау сыйлайтын орта», - деді елордалық тұрғын.