JOLTAP: Елордалықтар жиһаз жасау негіздерін тегін меңгере алады
Елордада жұмыссыз қала тұрғындарының «екі қолға бір күрек» тауып, қаржылық жағдайын жақсартуына мүмкіндік беретін JOLTAP жобасы жалғасып жатыр. Әлеуметтік жоба аясында осы уақытқа дейін 9 мыңнан астам елордалық біліктілігін арттырып, жұмысқа орналасты. Жоба негізінде оқыту бағдарламалары еңбек нарығының сұраныстарына сүйене отырып жасалған. Мәселен, жиһаз жасау негіздерін де жоба арқылы тегін оқуға болады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл дағдыны меңгеріп алған жандар жиһаз өңдіру және оны құрастыру тәсілдерін үйренеді. Себебі бүгінгі еңбек нарығында жиһазды тапсырыспен жасатуға сұраныс артып келеді.
JOLTAP жобасындағы «Корпусты жиһаз жасау негіздері» курсын Марат Базарбеков жүргізеді. Осы салада 6 жылдық тәжірибесі бар оқытушы жобаға кездейсоқ келгенін айтады.
«Мен басқа жиһаз жасаушылар сияқты ең алдымен өз үйіме қажетті шкаф жасадым. Нәтижесін көрген соң, бұл іспен кәсіби түрде айналысуды шештім. Осылайша елордадағы жиһаз цехтарының біріне жұмысқа тұрдым. Онда құрастыру және монтаждау негіздерін үйреніп, қосымша осы салаға қатысты интернетте қолжетімді ақпараттарды зерттедім. Жиһаз жасағаннан кейін оны тиімді сату жолдарын білу үшін JOLTAP жобасында «Таргетолог» курсына қатысуға өтініш білдірдім. Сол уақытта жиһаз жасау курстарын өткізіп жүрген соң, жобада жиһаз жасау курсы бар-жоғын сұрадым. Әрі қарай өз ұсынымды білдіріп, осылайша жаңадан ашылған курстың оқытушысы болдым», - дейді Марат Базарбеков.
Курс оқытушысының сөзінше, қатысушылар 8 күнде корпустық жиһаз жасау технологиясымен егжей-тегжейлі танысады.
«Осы курсты таңдаған жандар 6 күн бойы жаһаз жасау технологиясымен танысып, тәжірибе жүзінде жиһазды өлшеу және оның дизайнын сызу тәсілдерін үйренеді. Жетінші күні студенттер алған білімдері бойынша емтихан тапсырады. Ал соңғы күні менің цехымда жиһаз жасап, оны JOLTAP жобасы атынан өзімен бірге сыйға алып кетеді», - дейді ол.
Марат Базарбековтың айтуынша, аталған курсқа біліктілігін арттыру үшін дизайнерлер мен жиһаз жинаушылар да келеді.
«Байқағанымдай, курсқа келген студенттер ішінде дизайнерлер мен жиһаз жинаушылар да бар. Олар осы салада біліктілігін арттырып, табыс көзін ұлғайтуды мақсат етеді. Елімізде жиһаз жасаушылар саны жетіспейді, сондықтан да олар тапсырысты мерзімінде орындауға үлгермейді. Ал мен әр қазақстандықтың сапалы жиһаз алғанын қалаймын. Сондықтан да жоба аясында жиһаз жасаушыларды дайындап, нарыққа білікті шеберлер шықса деймін», - дейді ол.
Айта кетейік, JOLTAP қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYS TAP Telegram-ботында тегін жарнамаланатын болады.