Hogwarts лагері: ұлттық тәрбие мен заманауи технологиялар тоғысқан ерекше күн


Астана қаласы әкімдігінің №101 орта мектебінде ұйымдастырылған жазғы Hogwarts лагері аясында «Ұлттық тәрбие – ұрпақтар мұрасы» атты тақырыптық күн өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен заманауи ақпараттық технологияларды ұштастыра отырып, балалардың шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуға бағытталған бірнеше шеберлік сағаттары мен интерактивті сабақтар ұйымдастырылды. 6 жастан 13 жасқа дейінгі 1-7 сынып оқушылары қамтылды.
Ұлттық мұрамен танысу
Балалар бірнеше жасаққа бөлініп, әртүрлі бағыттағы іс-шараларға қатысты.
1 және 2-топтар қыш өнері бойынша шеберлік сағатына қатысып, ұлттық нақыштағы бұйымдар жасап көрді.
3-топ асық ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындармен танысты (іс-шара спорт залда өтті).
4-топ киіз басу және жүннен бұйым жасау ісімен айналысты.
5-топтағы жоғары сынып оқушылары дрондармен жұмыс істеуді үйренсе, 1-4 сынып оқушылары робототехникамен танысты.
IT әлеміне саяхат
Физика, информатика және робототехника пәндерінің мұғалімі Айтжан Әбілмажинов жетекшілік ететін бағыттар – дрон құрастыру, VR құрылғыларымен жұмыс және дронды симуляторда басқару болды. Ұстаздың айтуынша, бұл бағыттар балалардың тек қызығушылығын ғана емес, техникалық ойлау мен қауіпсіздік дағдыларын дамытуға көмектеседі:
«VR құрылғылары арқылы балалар шынайы өмірде шектеулі әрекеттерді виртуалды ортада еркін жасай алады. Ал дрондармен жұмыс барысында олар оның құрылымын да меңгереді. Қалақшалар дұрыс орнатылмаса, дрон ұшпайды – осының бәрін тәжірибе жүзінде түсіндіреміз», – дейді ол.
Құмыра жасау – шығармашылық пен төзімділік мектебі
Қыш өнері бойынша шеберлік сабағын көркем еңбек пәнінің мұғалімі Еркебұлан Мауянов жүргізді. Ол бұл істің тек сұлулық емес, тәртіп пен мұқияттылықты қажет ететінін атап өтті:
«Сазбен жұмыс баланың ұсақ моторикасын дамытып қана қоймай, оның қиялы мен ішкі эмоциясын еркін білдіруіне мүмкіндік береді. Бала материалды қолымен сезініп, ойын көркем түрде жеткізуге тырысады», – дейді ұстаз.
Ұлттық ойын – ұрпақ сабақтастығы
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бауыржан Томашев жетекшілік еткен асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындарға балалар зор қызығушылық танытты:
«Қалалық ортада өскен балалардың кейбірі бұл ойындармен алғаш рет танысып жатыр. Дегенмен қызығушылықтары жоғары», – дейді ұстаз.
ЭтноCamp, IT Camp және тілдік бағыттар
Тәрбиеші, бастауыш сынып мұғалімі Пердегүл Әмзеева лагерьдің үш негізгі бағытын атап өтті:
- ЭтноCamp – ұршықпен жіп иіру, қыш бұйымдар жасау, қазақ ертегілері негізінде шығармашылық жұмыстар;
- IT Camp – цифрлық сауаттылық, бағдарламалау, VR құрылғылары;
- Дрондар жарысы – дрон басқару мен құрастыру дағдыларын қалыптастыру.
Сонымен қатар ағылшын, қытай және француз тілдері бойынша сабақтар өтіп жатыр. Бұл балалардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырды.
Адель Тілеулі, 5-сынып оқушысы:
«Маған бұл лагерь өте қатты ұнайды. Бізді таңертең жылы жүзбен қарсы алады, дәмді тағамдар беріледі, түрлі үйірмелерге қатысамыз. Денсаулыққа да, есте сақтау қабілетімізге де пайдасы мол», - деп ойын бөлісті.
Hogwarts жазғы лагері балаларға пайдалы білім беріп қана қоймай, олардың шығармашылығын, техникалық сауаттылығын және ұлттық құндылықтарға деген құрметін дамытуда. Екі маусымға жоспарланған бұл лагерьге жүздеген бала қатысып, екінші ауысымға қайта келіп жатқан балалар саны жобаның сәтті жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Аяулым Құдайберген



