Елорданың «Сарайшық» ауданында жаңа аула ашылды

4 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елорданың «Сарайшық» ауданында жаңа аула ашылды
фото: Астана қаласы әкімдігі

Қазақстанның Мемлекеттік рәміздер күніне орай елордада «Түркістан» тұрғын үй кешенінің жаңа ауласы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мерекеге орай балаларға арналған аниматорлармен, ойындар мен байқаулардан тұратын бағдарлама ұйымдастырылды.

«Мемлекеттік рәміздер күніне орай Сарайшық ауданындағы «Түркістан» ТК-де жаңа балалар алаңы ашылып отыр. Бұл жұмыс «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында атқарылды. Тұрғындар ЭЦҚ арқылы дауыс беріп, ең көп дауыс жинап, жеңіске жетті», – деді қалалық мәслихат депутаты Мәдина Әжекенова.

Аулада брусчатка ауыстырылып, жасанды көгал, жабын төселді. Сонымен қатар әткеншектер, балаларға арналған спорт және ойын кешендері, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Жаттығу алаңы да жабдықталды.

фото: Астана қаласы әкімдігі

«Үй салынғанына 12 жыл болды. Біз ХҚБ жобасын ұтып алғанымызда қатты қуандық. Үйіміз абаттандыру бойынша тізімде бірінші тұрды. Жұмыс сәуір айының соңында басталып, бір ай ішінде аяқталды. Күткенімізден де артық жасалды. Қуанышымыз шексіз. Мен – 8 баланың анасымын, біз үшін бұл өте маңызды. Үйімізде 514 пәтер бар, көпбалалы отбасылар көп», – деді үйдің белсенді тұрғыны Айжан Әбдіманбекова.

Мереке Қазақстан Қарулы Күштерінің Орталық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрінің өнер көрсетуімен аяқталды. Олар Қазақстан Республикасының Әнұранын және халық арасында кең таралған музыкалық шығармаларды орындады.