00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордалықтар «Taza Astana» әлеуметтік жобасына белсенді атсалысып жатыр

Елордалықтар «Taza Astana» әлеуметтік жобасына белсенді атсалысып жатыр
Фото: Автордан/Салтанат Мұратқызы

Астанада «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында бастау алған «Taza Astana» әлеуметтік жобасының мақсатын түсіндіру бойынша жұмыстар жалғасуда, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталған жоба тұрғын үй маңын абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізуге бағытталған.

Бүгін, жобаның үшінші күні астаналық тұрғындарға іс-шараның мақсаты түсіндіріліп, балаларға арналған анимациялық шоу-бағдарлама ұйымдастырылды.

«Біз «Taza Astana» әлеуметтік жобасы қатысушылары қатарына енгеніміз үшін өте қуаныштымыз. Мұндай жобалар аясында үйіміз бен ауламыздың сәні кіріп қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтереді деп есептейміз. Әлбетте, Мүлік иелері бірлестігі тарапынан тазалық пен абаттандыруға байланысты жүйелі жұмыстар жүргізіліп тұрады. Алайда «Tазалық жиналған жерде емес, шашылмаған жерде» деген нақыл бар емес пе? Сондықтан, бір жағы, тазалықтың сақталуы тұрғындардың өз қолында екенін ескеру керек. Бұл тұрғыда экоакциялардың жиі өткізіліп тұрғаны ғанибет. Сонымен қатар Есіл ауданы әкімшілігінің ауламызға тасжол төсеп, орындықтарды орнатып, балалар алаңқайын, жаттығу тренажерларын жасап бергенін айта кеткім келіп отыр. Соның арқасында ауламыздың жайлылығы анағұрлым артты», - деді Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Сырым Жақанов.

Жоба аясында арнайы құрылған экологиялық комиссия тоқсан сайын «Ең таза аула», «Ең үздік кәсіпорын», «Ең үздік мекеме» атақтарын белгілейтін болады. Ал нәтижесінде үздік аулаларға түрлі номинациялар берілмек.

«Ауламыздың тазалығына немқұрайлы қараған емеспіз. Ластанғанын көрсек, тазалап тұрамыз. Балаларымызға да мұқият болуды, айналаға қоқысты тастамауды үнемі үйретіп отырамыз. Үйде де тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап барып, арнайы жерлерге тапсырамыз. Біз, тұрғындар, «Taza Astana» әлеуметтік жобасына қатысып жатқанымызға қуаныштымыз. Осындай акциялар жиі өткізіліп тұрса деген ойдамыз», - деді астаналық тұрғын Құралай Әділханова.

Айта кетейік, аумақты тексеру үшін жобаға қатысу ерікті болып саналады.

Ал жобаға қатысу туралы өтінімдер birge.astana.kz платформасында қабылданады.