Елордада функционалдық сауаттылықты қалыптастыру туралы республикалық конференция өтті

4 наурыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордада функционалдық сауаттылықты қалыптастыру туралы республикалық конференция өтті
фото: ұйымдастырушылардан

Бүгін қалалық  білім басқармасы мен Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы және «Binom school» мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен «Мектепте білім алушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру мен практикасы» тақырыбында  республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жиынға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы», Назарбаев университетінің оқытушылары, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Педагогикалық өлшеулер орталығы», «Bilim land» ЖШС өкілдері және республиканың білім беру ұйымының педагогтері қатысты. 

Конференция барысында педагогтер оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру бойынша өздерінің іс-тәжірибелерін бөлісті. 

Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК орта білім беру бөлімінің химия және биология пәндерінің әдіскері Шарипа Шакированың сөзінше, сандық технологиялар білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді. 

«Бүгінгі конференцияда сандық технологиялар бағдарламаларын пайдалана отырып, жаратылыстану сауаттылығын арттырудың практикалық негіздері айтылды. PISA TIMSS,  PIRLS  Халықаралық бағдарламалар тәжірибесіне негіздей отырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған тапсырмалар құрастыру амалдары талқыланды. Сонымен қатар  сандық технологиялар негізінде математикалық сауаттылық пен оқу сауаттылығын  қалыптастыру практикасы туралы айтылды. Жалпы бүгінгі жиында көтерілген тақырыптар бойынша мұғалімдер өзара пікірталас ұйымдастырып, сандық технологияларды қолдану білім сапасын көтеруге мүмкіндік беретініне көз жеткізді»,- дейді Шарипа Шакирова.