Елордалық мектепте Гүлназия Байулованың атындағы география кабинеті ашылды

11 сәуір, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордалық мектепте Гүлназия Байулованың атындағы география кабинеті ашылды
Фото: Василий Крась

№ 9 «Зерде» мамандандырылған мектеп-лицейінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасының иегері Гүлназия Байулованың атындағы география кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Салтанатты іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы директоры Сындар Дауешова, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары мен педагогтер қатысты.

География кабинетінің лентасын қию мәртебесі Оқу-ағарту министрлігі Мемлекеттік саясатты іске асыруды талдау және мониторингілеу басқармасының басшысы Айман Дүйсембаева және ҚР білім беру ісінің үздігі, Гүлназия Сабыровнаның ұстазы Майра Меркебаеваға ұсынылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 45 жыл педагогикалық өтілінің соңғы 16 жылын елорда төріндегі №9 «Зерде» мамандандырылған мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне арнаған, лицейдің оқу-тәрбие үдерісі мен әдістемелік жұмысын басқаруда өзіндік стилі қалыптасқан білімді менеджердің атындағы кабинет оқушылар үшін таптырмас білім алаңына айналмақ.

 «Бүгін мектебімізде үлкен іс-шара ұйымдастырылуда. Бұл – мектебіміздің 20 жылдық тарихында болып жатқан ерекше оқиғалардың бірі. 16 жыл осы  мектепте үздіксіз қызмет еткен директордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, Қазақстанның еңбегі сіңірген ұстазы Гүлназия Байулованың атындағы арнайы атаулы кабинет ашылып отыр. Мақсатымыз – ұстаздың жылдар бойғы еңбегінің жемісін бір алаңға жинақтап, жаңа буын ұстаздарға, жас ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Сонымен қатар осы кабинетте жаңа оқыту әдістері мен технологияларын ұсына отырып, оқушылардың білім деңгейін көтеріп, дарындылардың қабілетін ұштай түсу», - деді №9 «Зерде» мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры Нұрбек Аманов.  


Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұстаздың шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымы «Әр оқушы – ерекше дарын иесі» деген сенімге негізделген. Сондықтан Гүлназия Сабырқызының еңбегі мен әдістемелік тәсілдері жас мамандарға үлгі болып, білім беру саласында жаңа бастамаларға жол ашады.