Елордадан бір түнде 10 мың текше метр қар шығарылды


Ауа райының нашарлауына, қар мен аязға қарамастан, елордалық коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген ауысымдық режимде жұмыс жүргізуде. Олар күн сайын қаладан мыңдаған текше метр қар мен мұз шығарады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
9-ынан 10 желтоқсанға қараған түнде елордадан 786 рейспен 10 мың текше метр қар шығарылды.
10 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қар тазалау жұмыстарында 2,7 мыңнан астам жол жұмысшысы және 1,1 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс мезгілі басталғалы қаладан 74 120 рейспен 941 мың текше метр қар шығарылды.
Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. орындар қардан тазартылады.
Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.
Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, онда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» телефонына хабарласқан жөн.