Елордада йогадан ашық жаттығу өтті


Халықаралық йога күніне орай бүгін Астанадағв Ботаникалық саябақта ашық аспан астында жаттығулар өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараны Астанадағы Үндістан елшілігі жанындағы Свами Вивекананда мәдени орталығы ұйымдастырып отыр.
Оған Қазақстандағы Үндістан елшілігінің өкілдері, елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.
«Халықаралық йога күнімен шын жүректен құттықтаймын! Йога бүкіләлемдік қозғалысқа айналып, дене мен ақыл-ойды үйлестіре отырып, денсаулықты нығайтудың тиімді тәсілі ретінде насихатталып келеді. Йога – тек денені шынықтыру емес, ол ішкі тыныштықты, төзімділікті, айналадағы әлеммен және табиғатпен үйлесімді өмір сүруді үйретеді. «Йога» сөзінің өзі рухани тыныштықтың лебін сездіреді. 10 жыл бұрын 21 маусымды Халықаралық йога күні деп жариялау жөніндегі қарар БҰҰ Бас Ассамблеясына ұсынылған кезде үлкен қолдауға ие болдық. Бұл бастаманы 177 ел қолдады – бұл тарихтағы ең ауқымды халықаралық қолдау болды! Бүгінде осы бастаманың арқасында әлемнің 190-нан астам елінде йога күні тойланып жатыр», - деді Үндістанның Қазақстандағы елшісі Т.В. Нагендра Прасад.
Үндістан елшісі, доктор Нагендра Прасадтың айтуынша, йога қоршаған ортамен, адамдармен және өмірдегі түрлі жағдайлармен үйлесімде өмір сүруді үйретеді.
«Қазақстан йоганы ежелден танып, ғасырлар бойы тәжірибе ретінде қолданылып келе жатқан іспетті шынайы ықыласпен қабылдады. Соңғы он жылда ел бойынша йога студиялары жаппай ашылып, бүгінде Халықаралық йога күнін 25-тен астам қалада атап өту — біз үшін маңызды міндетке айналды! Бұл қалалардың бәрі йога күнін кең көлемде, жоғары деңгейде атап өтуді қалайды және осыған қатысты бізге өздері бастама көтеріп, қолдау сұрайды. Йога тек әйелдерге арналған емес, ол ер адамдар үшін де аса пайдалы! Алдағы уақытта йогаға ерлер де белсенді түрде қосылады деп үміттенемін!Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мырзаға, сондай-ақ осы мерекелік іс-шараларды өткізуге қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне, Денсаулық сақтау министрлігіне және Спорт министрлігіне шынайы алғысымды білдіремін. Баршаңыздың өмірлеріңіз бақыт пен денсаулыққа толы болсын!Халықаралық йога күні құтты болсын!», - деді Нагендра Прасад.
Мұнда йога шеберлері қызықты және күрделі жаттығулар көрсетті.